Алматы тауларында Австралия азаматының жоғалып кету дерегі бойынша іс қозғалды
Жарияланған күні:
Алматы тауларында Австралия азаматының жоғалып кету дерегі бойынша іздестіру ісі қозғалды, деп хабарлайды Telegram-дағы "ҚР ІІМ жаңалықтары" ресми арнасы.
Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақовтың айтуынша, шетелдік азаматты іздеу бойынша криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен кинолог-мамандар арасынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Барлық полиция бөлімшесіне жоғалған ер адам туралы бағыт-бағдар берілген.
"Сонымен қатар еріктілердің ресурстары барынша пайдаланылуда. Қазір қолда бар ақпаратқа сәйкес, Австралия азаматын 21 мамырда Үлкен Алматы көлі (БАО) аймағында көрген. Ер адам космостанцияға қарай бет алған. Аталған аумақты ескере отырып, тікұшақ бригадалары мен республикалық жедел-құтқару жасағының күштері тартылды. Бейне барлау дрондармен жүргізіліп жатыр", - дейді Есен Ысқақов.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы тауларында жоғалып кеткен австралиялық туристің іздестіріліп жатқанын хабарлаған едік.
Еріктілердің мәліметінше, 1995 жылы туған Нerd Jake Michael есімді Австралия азаматы 21 мамырда Алматы қаласының Алмалы ауданындағы "727" хостелінен шығып, Үлкен Алматы көліне (БАО) баруды жоспарлаған. Содан бері ол туралы ешқандай мәлімет жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021719-almatyda-avstraliya-azamatynyn-zogalyp-ketu-deregi-boiynsa-is-qozgaldy/