Алаяқтық жасағаны үшін айыпталған оралдық блогер 7,5 жылға сотталды
Жарияланған күні:
Алаяқтық жасағаны үшін айыпталған оралдық блогер Асылан Өтепов 7,5 жылға сотталды. Cондай-ақ, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айырылды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Телеарна мәлметінше, сот залындағылар айыпталушы блогерді қол шапалақтап қарсы алып, бостандық берілуін талап етті. Бірақ сот оны айыпты деп танып, екі жәбірленушіге 3 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.
Сот кезінде белгілі болғандай Асылан Өтепов жергілікті кәсіпкерге жер телімін алып беремін деп бірнеше рет қомақты ақша алған. Даулы ақшаны алғанын мойындамаған блогер өзінің заңгер ретінде ақылы қызмет көрсеткенін жеткізді. Бірақ жазасын жеңілдету үшін сотқа қайта шағым түсірмейтінін айтты. Өйткені кәмелетке толмаған үш баласы бар, сондықтан қорғаушы жалдауға ақшасы жоқ екенін мәлімдеді.
"Асылан Өтепов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің төрт бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айрылсын. Ол сот үкімімен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айрылсын. Өтеповтен екі жәбірленушіге 2 миллион 900 мың теңге көлемінде өтемақы өндірілсін", - деді Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Роза Сариева.
Телеарна дерегінше, блогер ретінде танымал Асылан Өтепов трамадолдың Оралда заңсыз сатылуына қарсы шықты. Осы препараттың емін-еркін сатылуымен күресіп, саудагерлерді әшкерелеген ол әлеуметтік желіде батыл мәлімдемелерімен танылған еді. Сондықтан оны қолдаушылар сот үкімімен келіспеді.
"Сотта жәбірленушілер өз сөзінен өздері айнып, талай қателесті. Бірақ сот бұған қарамады. Тіпті айыптаушылар Асыланға қанша ақша бергенін ұмытып қалыпты. Мұның бәрі ескерілмеді. Ақшаны алған және берген адамдар сырт қалып, екі ортада Асыланды соттап жіберді", - дейді қала тұрғыны Болатжан Журмухамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021793-alayaqtyq-zasagany-usin-aiyptalgan-oraldyq-bloger-75-zylga-sottaldy/