Мүгедектігі бар алматылық зейнеткер өзін әлдебіреу құлдықта ұстап, қайыр тілеуге мәжбүрлегенін айтты (видео)
Жарияланған күні:
Алматылық 66 жастағы зейнеткер 10 жылдан астам уақыт бейтаныс адамдардың қыспағында болғанын айтты. Әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, тағдырдың қатал сынына ұшыраған қарттың көрмегені жоқ. Өзінің айтуынша, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан оны далаға тастап, күнде "салық" салып отырған. Жоспарды орындамаған күні оңбай таяқ жеп, миына да зақым келген көрінеді.
"Барлығын тартып алатын. Күні бойы жинаған ақшадан дым татырмайтын. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрді. Олар қалаған соманы жинай алмасаң, ит қорлық көрсететін. Оңбай ұрып, сұлатып түсіреді. Содан болар, есімді жөнді білмеймін. Құлдықта менен де басқа адамдар болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды", – дейді жәбірленуші.
Телеарна мәліметінше, 66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. Қарттың жанашыр туысы, не іздейтін жақыны жоқ. Құжаттан да жұрдай.
"Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол келді де "апаны бермеймін. Ол біздікі" деді. "Сіз кімсіз?" деп сұрасам, ол келді де апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын ол камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік", – дейді "Әділ" қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.
Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамағанын айтты. Сондықтан телеарнаның түсірілімі кезінде полиция шақыртқан.
"Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиісті сараптама тағайындалады. Жаңағы көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберу арқылы, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде, мәлімдеме беретін боламыз", – дейді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинаби.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022555-almatylyq-mugedektigi-bar-zeinetker-ozin-aldebireu-quldyqta-ustap-qaiyr-tileuge-mazburlegenin-aitty-video/