VIP-нөмір үшін 6 млрд теңге жұмсаған: елімізде ерекше автокөлік нөмірін онлайн режимде алуға болады
Жарияланған күні:
Бұдан былай автокөлік иелері VIP мемлекеттік нөмірлерді мемлекеттік қызмет көрсететін барлық платформадан ала алады. Былтыр көлік иелері шамамен 6 млрд теңгеге VIP-нөмірлер сатып алған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамандар қазақстандықтар үшін "беделді" нөмірлерді сатып алу – сұранысқа ие қызметтердің бірі екенін айтады.
Осындай нөмірлерді сатып алуды жеңілдету үшін ІІМ оларды таңдау және брондау бойынша тиісті сервис әзірлеген.
"Бұл сервис Цифрлық даму министрлігінің "Smart Bridge" сервистер витринасында орналастырылған. Сервис мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған барлық интеграциялық платформаларда, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында да қолжетімді", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болу үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган аталған қызметті еGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттерге шығару мәселесін пысықтап жатыр.
Өткен жылдардағы талдау көрсеткендей, бұл жыл сайын 20 мыңнан астам азаматқа мобильді қосымшалар арқылы, ХҚКО-ға бармай-ақ, автокөліктерді тіркеу кезінде онлайн-режимде VIP-нөмірлерді таңдауға және брондауға мүмкіндік бермек.
ІІМ мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2022577-qazaqstandyqtar-vip-nomir-usin-6-mlrd-tenge-zumsagan-elde-avtokolik-nomirin-endi-onlain-rezimde-aluga-bolady/