"Отбасын ұшаққа жібермей қойған": SCAT әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалды
Жарияланған күні:
SCAT әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабын бұзғаны үшін SCAT әуе компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалған.
Еске сала кетейік бұған дейін желіде әуе компаниясының қызметкері аутизммен ауыратын баласы бар отбасын ұшақ бортына жібермей қойғаны туралы ақпарат тараған еді. Отбасының шағымы Instagram-дағы "Мой ребенок" қоғамдық бірлестігінің парақшасында жарияланды.
Жариялымда оқиғаның 2023 жылғы 27 мамырда болғаны және отбасын ұшаққа баласының аутизм дертіне байланысты жібермей қойғаны айтылған.
"Рейс бірнеше рет кейінге шегерілген. Бала шаршап тұрған. SCAT әуе компаниясының қызметкері бала басқа адамдардың мазасын алуы мүмкін деп санап, бортқа жібермей қойған. Ақырында бүкіл отбасы Түркияға ұша алмай қалған", - делінген жариялымда.
SCAT әуе компаниясының өкілдері бұл жайтқа қатысты пікір білдіріп, жолаушылардан кешірім сұрағанын жеткізді.
"Біздің жолаушылармыздың осындайға жағдайға тап болғаны өкінішті. Әуе компаниясы кешірім сұрады және демалыс уақытын басқа қолайлы датаға ауыстырды ұсынды. Қызметкерге қатысты қатаң шара қолданылды", - деп хабардар етті әуе компаниясынан.
Азаматтық авиация комитеті SCAT әуе компаниясы жолаушыға келтірілген материалдық залалды өтегенін, жолаушылар жақын арада ұсынылған туристік жолдамаға сәйкес ұшуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
"Жолаушылардың барлық санаттына, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету кезінде әдеп нормаларын сақтау қазақстандық әуе компаниялардың жұмысында басымдық болуға тиіс екенін атап өтеміз. Бұл талаптарды бұзуға жол берілмейді және өрекскел болып табылады", - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.
Сондай-ақ Азаматтық авиация комитеті Әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген SCAT әуе компаниясының қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қабылданатынын, ал ұқық бұзушылыққа жол бергендіктен, SCAT әуе компаниясы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023241-otbasyn-usaqqa-zibermei-qoigan-scat-aue-kompaniyasyna-qatysty-akimsilik-is-qozgaldy/