Top.Mail.Ru
RU
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.

Зектілері

"Адамдар ауруханаға түсіп жатыр": ақтөбеліктер үш күннен бері түтінге тұншығуда

Жарияланған күні:

қоқыс полигоны жануда
Қоқыс полигоны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде үш күннен бері қала жанындағы қоқыс полигоны жанып жатыр. Түтінге тұншығып, көздері удай ашыған қала тұрғындары сыртқа шыға алмай қалды. Бұған қатысты әкімдік өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласы еліміз бойынша лас қалалардың бестігіне кіреді. Соңғы үш күннен бері полигоннан келген иістен қала тұрғындарының мазасы қашты. Әсіресе кешкі уақытта қала іші түтінге тұнады. Қоғам белсендісі Евгений Лазарчук жергілікті биліктің жайбарақаттылығына қынжылыс білдірді.

"Қалада демалу мүмкін емес. Шаң аздай, түтіннің иісі тамағыңды бітеп, көз аштырмайды. Адамдар ауруханаға түсіп жатыр. Таныстарымның арасында тыныс алу аурулары көбейді. Демалу мүмкін емес. Күн ыстық", - дейді экобелсенді Евгений Лазарчук.

Ақтөбе облысы өңірлік коммунакациялар қызметі осы жағдайға қатысты бүгін брифинг өткізді. Экологтар ауаның шамадан тыс ластанғанын растап отыр.

"Полигон аумағында зертханалық талдау жүргізілді. Қолдағы ақпаратқа сүйенсек, көміртегі оксиді 4,44 есе, азот диоксиді 16,3 есе, күкірт диоксиді 13,9 есе асып тұр. Экология департаменті қоқыс полигонына жауапты "Табыс Ақтөбе" ЖШС-іне жоспардан тыс тексеру тағайындады. Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес алдағы уақытта тексеру жүргізіліп, кінәлі анықталса, заң аясында жауапқа тартылады. Полигон жылда жанады. Былтыр қысқартылған күйде 76 575 мың теңге айыппұл төледі", - деді Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиевтің айтуынша, аумағы 42 гектар болатын қатты қалдықтар полигоны 2007 жылы пайдалануға берілді. 2015 жылы бірінші рет үлкен өрт жағдайы тіркелген. Содан бері жыл сайын өртену, тұтану жағдайлары қайталанып келеді. Былтыр 17 жану жағдайы тіркелсе, 2021 жылы 30 рет өртену, тұтану жағдайы болды. Биылдың өзінде жетінші мәрте тұтану болды.

"2 маусымнан бастап, осы жағдай қайталанып тұр. Қала әкімдігі және жергілікті төтенше жағдай басқармасының күш құралдарын тарта отырып, өртті сөндіру шаралары қабылдануда. Өртенген аумақ шамамен 1 гектар жерді құрайды. Желдің бағыты ауысып тұр. Кеше, бүгін жел бағыты қалаға қарай болғандықтан түтін қалаға дейін жетті. Күннің ыстық болуы, желдің жоқтығы түтіннің сейіліп кетуіне кері әсерін тигізіп отыр", - дейді Айдос Хамиев.

Қала әкімінің орынбасары қатты қалдықтар полигонындағы өрт ертең таңертеңге дейін толық сөндіріледі деп сендірді. Ал алдағы уақытта полигонды 60 см қалыңдықта құммен жабу жұмыстары жүргізілмек. Полигонды толық көлемде топырақпен жабу үшін 219 млн теңге қаражат қарастырылған.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023447-adamdar-auruxanaga-tusip-zatyr-aqtobelikter-us-kunnen-beri-tutinge-tunsyguda/

Жарияланымға реакцияңыз?

Пікірлер жүктелуде

jitsu gif