Салтанат Байқошқарова жасанды ұрықтандыру жолымен бала сүйген елге танымал адамдар туралы айтты (видео)
Жарияланған күні:
Репродуктолог Салтанат Байқошқарова елімізде жасандық ұрықтандыру жолымен бала сүйген танымал әншілер мен саясаткерлер көп екенін айтады. Бұл туралы Салтанат Байқошқарова Youtube-тағы Cұрауы бар арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Репродуктологтың айтуынша, әзірге елімізде жатырдан тыс ұрықтандыру жолымен сәби сүйген атақты адамдар жайында ақпаратты қоғам қабылдауға дайын емес.
"Әрине, атақты кісілер бар. Талайы бір емес, екі-үш бала сүйіп отыр. Бірақ оны айтпайды. Танымал саясаткерлер де бар. Оның бәрін ашық айта беруге болмайды ғой. Өйткені біздің қоғам бұл ақпаратты қабылдауға әлі дайын емес. Бізде "Оған не болған екен", "Өзінде ұрық болмағаны ма?", "Басқа бір ер адамның ұрығын пайдаланған ғой" деген неше түрлі қауесет тарайды.
Қазір мысалы желідегі кей пікірлер талай адамды депрессияға әкеп соғып жатыр. Біз бәрібір біреудің айтуымен өмір сүреміз. Егер АҚШ-та болса бұнымен ешкімнің шаруасы жоқ болар еді, маған десе ЭКҰ-мен туа ма, ғарышта туа ма, ол жақта қалыпты жағдай. Жарайды, өзінің талғамы шығар дейді. Олар ашық айтады. Біз айта алмаймыз. Ұят болады дейміз. Одан бөлек, жаныңды жейтін, депрессияға алып баратын, психологиялық прессингке алып баратын өтірік әңгіме көбейеді. ЭКҰ-мен туған бала ойыншық емес. Ертеңгі күні оған ЭКҰ арқылы туыпсың, ата-анаң туған емес шығар, донордан туған шығарсың деген әңгімелер шығуы мүмкін", - дейді эмбриолог.
Осы ретте Салтанат Байқошқарова дін мен жасанды ұрықтандыру әдісі туралы пікір білдірді. Айтуынша, ешбір дін ЭКҰ-ға қарсы емес.
"Жалпы, егер ерлі-зайыпты жұптың ұрығын қолдансақ, оған ешқандай дін қарсы емес - ислам да, христиан да, будда да, басқасы да. Ал егер үшінші адам қосылатын болса, яғни, донор аналық ұрық, донор аталық ұрық, немесе суррогатты ана болатын болса, дін оған қарсы. Донорлық ұрық ешбір дінде рұқсат етілмеген. Бірақ әр мемлекет өз заңын шығарады, заңға діннің әсері болуы да, болмауы да мүмкін", - дейді ол.
Осы орайда Салтанат Байқошқарова діннің жасанды ұрықтандыру әдісімен бала сүюді қолдайтынына бір мысал келтіріп өтті.
"Бір үлкен бір араб мемлекетінің елшісі Астана қаласында біздің клиникаға келіп, ұлды болды. Олардың бойжетіп кеткен қызы бар екен. Ұл болса деп армандап жүрген. Сонымен ол кісі бізге дән риза. Клиникаға арабтың ұлттық киімімен келетін, өте сабырлы, мәдениетті кісі. Елмен бірге кезекте отыратын. Дін қарсы болса ЭКҰ жасатпайтын еді. Бірақ донорлық ұрық, суррогатты ана деген ұғымға дінде тыйым бар, алайда әр елдің заңы басқа. Өз ерекшеліктері бар", - дейді Салтанат Байқошқарова.
Айта кетейік, бұған дейін ЭКҰ арқылы дүниеге келген алматылық әйел табиғи жолмен дүниеге сәби әкелгенін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023547-saltanat-baiqosqarova-zasandy-uryqtandyru-zolymen-bala-suigen-elge-tanymal-adamdar-turaly-aitty-video/