Бір аптада 4 адамның денесі судан табылды: Атырауда суға түсу маусымы кейінге шегерілді
Жарияланған күні:
Атыраулық құтқарушылар соңғы жеті күннің ішінде судан 4 адамның денесін шығарған. Олардың екеуі кәмелетке толмаған жасөспірімдер, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Шора өзенінің сағасы "Жіңішке" каналында суға түсуге тыйым салынған жерде шомылуға келген 15 жастағы жасөспірім тереңдігі 3 метр болатын канал суына батып кеткен. Су асты іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде баланың мүрдесі 3 сағаттан кейін судан шығарылған.
Араға бір күн салып Құрманғазы ауданында тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Құрманғазы кентінен 38 шақырым қашықтықтағы Сафон ауылында тұратын 12 жастағы ер бала жасанды каналдың арғы жағалауына атпен мал айдап өтпек болған. Сол кезде байқаусызда аттан құлап, канал суына батып кеткен.
"Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті судағы қауіпсіздікті сақтау, ата-аналардың балаларын қараусыз қалдырмау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Алайда адамдардың жазғы суға түсу маусымында қаза болу оқиғалары азаяр емес. Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 44 адам суға батып кетті, оның 14-і кәмелетке толмағандар. Оқыс оқиғалар адамдардың салғырттығынан, тыйым салынған қауіпті аймақта шомылу, демалушылардың ішімдік ішіп суға түсуі және ата-ананың балаларын қараусыз қалдыруы әсерінен туындағаны анықталып отыр", - дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғау басқармасының бастығы Бақыт Абланов.
Құтқарушылар тағы екі ер адамның денесін Жайық өзенінен тауып, полиция қызметкерлеріне тапсырған. Олардың қандай жағдайда суға кеткені белгісіз.
"28 жастағы ер адамның денесі 28 мамыр күні Жайық өзенінен шығарылды. Ал 2 шілде күні 26 жастағы тағы бір ер адамның денесі табылды. Аталған деректерге қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Өзге ақпарат жариялауға жатпайды", - деп жауап берді Атырау облысы полиция департаменті басшысының баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Сонымен қатар Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жүргізген мониторинг нәтижесінде облыс аумағында суға түсуге қауіпті 70 аймақ анықталған. Оның 17-і қала аумағында орналасқан. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, суға түсу маусымы әзірге басталмады, ол 15 маусымға шегеріліп отыр.
Автор: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2023791-bir-aptada-4-adamnyn-denesi-sudan-tabyldy-atyrauda-suga-tusu-mausymy-keiinge-segerildi/