"4000 тоннаға жуық су шашылды": Абай облысындағы ірі өрт бойынша қазіргі уақытта не белгілі
Жарияланған күні:
Төтенше жағдайлар министрлігі қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын, елдімекендерге қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Ведомство мәліметінше, өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіруде.
"Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижесі бойынша өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ.
Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өткен тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет су төгілді, жалпы көлемі 1 500-ден астам тоннаны құрайды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет су төгілді, жалпы көлемі 4000-ға жуық тоннаны құрайды", - делінген ресми хабарламада.
ТЖД өкілдері қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 150 қоңырау түскенін атап өтті. Жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.
Абай облысындағы орман өрті
Еске салайық, 8 маусымнан бері Қазақстанның шығысындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында орман өрті өршіп тұр. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт 60 мың гектардан астам орманды шарпыған.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.
Бұдан бөлек, Бас прокуртура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024512-4000-tonnaga-zuyq-su-sasyldy-abai-oblysyndagy-iri-ort-boiynsa-qazirgi-uaqytta-ne-belgili/