Абай облысындағы өрттен кейін әкім Даниал Ахметовтың жұмысы тексеріле ме
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮкімет кулуарында премьер-министрдің орынбасарына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің жұмысы тексеріле ме деген сұрақ қойылды. Өйткені Абай облысы болып бөлінгенге дейін аймақ Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігі болған, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
"Семей орманы" резерваты облыстың емес, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзырында", - деп қысқаша жауап берді премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр.
Сондай-ақ оған Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың өрт болған күні бірден Абай облысына бармай, неліктен Астанадағы форумда болғаны туралы да сұрақ қойылды.
"Форум өткен күні түстен кейін өрт шықты, ол кезде өрт ауқымы әлі анықталмады. Қатты жел мен +38 градус температурада өрт өте тез тарады", - деді Скляр.
Ол тергеу аясында прокуратура Абай облысындағы өртке қатысы кінәлілердің бәрін анықтайтынын айтты.
Абай облысындағы орман өрті
Еске салайық, 8 маусымнан бері Қазақстанның шығысындағы "Семей орманы" резерватында әлі де өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт аумағына 4000 тоннаға жуық су шашылып, 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық бірлік техника жұмылдырылған.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты кеше Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.
Сондай-ақ Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасына қандай көмек берілетіні белгілі болды.
Бұдан бөлек, Бас прокуртура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024552-abai-oblysyndagy-ortten-keiin-akim-danial-axmetovtyn-zumysy-tekserile-me/