Алматылықтар Абай облысының тұрғындарына қандай көмек көрсете алады
Жарияланған күні:
QAMQOR CHARITY қайырымдылық қорының төрағасы Бағдат Анарбаева ӨКҚ алаңында өткен брифинг барысында Абай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге қандай көмек қажет екендігі жайлы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта 300 мың килограмнан астам гуманитарлық көмек жиналған.
"Тұрғындар барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар біз оларға қажет заттардың тізімін білдік. Олар:
- ұзақ уақыт сақталатын тамақ өнімдері (консервіленген өнімдер, макарондар);
- су;
- гигиена құралдары;
- дымқыл майлықтар;
- респираторлық маскалар;
- телефондарды зарядтауға арналған пауэрбанктер", – деді Бағдат Анарбаева.
Ол керек заттар тиелген бірінші көлік осы аптаның соңына дейін жіберілетінін атап өтті. Оның айтуынша, көмек жинау қажет болған жағдайда жалғасады.
Бұған дейін әкімдік гуманитарлық көмек жинау пункті ретінде Байтұрсынов көшесінде (22 к1, 1 қабат) орналасқан еріктілердің фронт-офисі белгіленгенін хабарланған болатын.
Байланыс телефоны:
- +7 747 821 64 78;
- +7 747 540 01 40.
Қабылдау пунктінің жұмыс уақыты – 10:00-ден 19:00-ге дейін.
Еске салайық, 8 маусымнан бері өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртімен арпалысуда. Соңғы мәліметтер бойынша, өрт 60 мың гектардан астам орманды шарпыған.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты. Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
11 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнына арнайы барып, өрттен қаза тапқан марқұмдардың жақындарымен тілдесіп, олардан кешірім сұрады. Сонымен қатар оларға жан-жақты көмек көрсетілетінін, зардап шеккен отбасыларға жеке жәрдемақы тағайындалатынын атап өтті.
Сонымен қатар қазақстандықтардың Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге 47,4 млн теңге жинап бергені хабарланған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024575-almatylyqtar-abai-oblysynyn-turgyndaryna-qandai-komek-korsete-alady/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.