ТЖМ Абай облысындағы өрт кезінде Ильин Дубайда болды деген қауесетке жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомТөтенше жағдайлар министрлігі "ведомствоның бұрынғы басшысы Юрий Ильин 8-9 маусым күндері Абай облысында өрт шыққан кезде БАӘ-де болды" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды: 8-9 маусымда Юрий Ильин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды.
Жұмыс сапарының бірінші күні облыс орталығы маңында салынып жатқан ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағы кешенінде, сондай-ақ Петропавл қаласының Береке шағынауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылыс алаңында болды", - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, жұмыс сапарының екінші күні Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы облыс тұрғындарымен кездесіп, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездескен.
"Министр Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапарын Абай облысындағы өртке және өрт сөндіруге тартылған күштер мен құралдарды үйлестіру қажеттілігіне байланысты тоқтатқан. ТЖМ-ның дағдарыс жағдайындағы басқару орталығы штабын министрдің өзі басқарды", - деп хабардар етті ТЖМ-дан.
Сондай-ақ ведомство Солтүстік Қазақстан облысындағы халықпен кездесуде болған Юрий Ильиннің видеосын бөлісті. Ол жерде экс-министр Абай облысындағы өртке қатысты сұраққа жауап беруде.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұрынғы министрдің халықпен кездесуі президенттің "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" жарлығына сәйкес және бекітілген кестеге сәйкес өткенін атап өтті. Кездесуге 200-ге жуық адам қатысып, тағы 150 адам онлайн-трансляция арқылы көрген.
Айта кетейік, Абай облысындағы өртке байланысты мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындаған болатын.
Ал Абай облысында 8 маусымда тұтанған орман өртін сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін өрт 60 мың гектар орманды шарпыды, қазір оқиға орнында мыңдаған өрт сөндіруші, жүздеген техника, оның ішінде 15 тікұшақ жұмыс істеуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024670-tzm-abai-oblysyndagy-ort-kezinde-ilin-dubaida-boldy-degen-qauesetke-zauap-berdi/