Абай облысындағы орман өрті: Ильин, Сүлейменова, Ұранхаев пен Ахметовтен жауап алына ма
Жарияланған күні:
Читать на русскомМәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өртіне қатысты іс аясында бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі, Экология министрі мен әкімдерден жауап алына ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қазір жауап алынатын адамдардың көп екенін ескерсек, мұнда тек басшылық құрам ғана емес, орта басшылық құрам да бар. Қазір олар өртті сөндіру жұмыстарына қатысып жатыр... Біздің мақсатымыз – өртті сөндіру ... Сондықтан қазіргі уақытта біз оларды алаңдатпауымыз керек. Олардан міндетті түрде жауап алынады. Әзірге басқа да іс-шаралар жүргізілуде", - дейді Жандос Өмірәлиев.
Журналистер Бас прокурордың орынбасарынан бұл іс аясында Төтенше жағдайлар министрлігінің экс-басшысы Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан жауап алына ма деп нақтылады.
"Олардан жауап алынады. Тергеу жоспары бар, тергеуші өз жұмысын біледі. Лауазымды тұлғалардан жауап алудан бұрын біз басқа да бірқатар мән-жайды анықтауымыз керек, басқа бағынышты тұлғалардан жауап алуымыз керек. Осыдан кейін яғни, бізде сұрақтар толық болған кезде, тергеуге қажетті тұлғаның бәрінен міндетті түрде жауап аламыз", - дейді Жандос Өмірәлиев.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке қатысты сауалға Бас прокурордың орынбасары өрт шыққан "Семей орманының" материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуіне әкімдік жауапты емес екенін айтты. Ол бұл фактілер бойынша сұрақтар жоқ екенін, бірақ тергеу әлі жалғасып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Жандос Өмірәлиев бұл іс бойынша бұрынғы министр Юрий Ильиннің статусы әлі анықталмағанын, іс-әрекеті сараланбағанын айтты.
"Тергеу енді басталды, лауазымды тұлғалардың іс-әрекеті әлі сараланған жоқ. Бірақ осы қылмыстық іс аясында қатысы бар барлық лауазымды тұлға, тиісті шара қолданбағандар түгел міндетті түрде жауапқа тартылатынын айтқым келеді", - дейді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, Абай облысындағы орман өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) қылмыстық іс қозғалған болатын. Сондай-ақ салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024729-abai-oblysyndagy-qaigyly-oqigaga-bailanysty-ilin-suleimenova-uranxaev-pen-axmetov-zauapqa-tartyla-ma/