Абай облысындағы орман өрті оқшауланды
Жарияланған күні:
Абай облысы "Семей орманы" табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрт оқшауланды. Бұл туралы еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында хабарлады.
"2023 жылғы 14 маусымда сағат 21:00-де әуеден барлау және жағдайды жедел бағалау қорытындысы бойынша Абай облысындағы "Семей орманы" табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрттің оқшауланғаны жарияланды.
Бұл ретте қалыптасқан жағдайды ескере отырып, негізгі күш-жігерді жергілікті жану ошақтарын сөндіруге және жаңаларының пайда болуына жол бермеуге шоғырландыру үшін күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді.
Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су себу, сондай-ақ өрттің жиегіне топырақ себу жүзеге асырылады", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Айта кетейік, Абай облысындағы табиғи өрт 8 маусымда "Семей орманы" табиғи резерватына қарасты Батпаев орман шаруашылығының аумағында шыққан еді. Алдын ала болжам бойынша 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған. Кейін өрт күшейіп, басқа да учаскелерге ойысқан. Осы уақытқа дейін өрт шамамен 60 мың гектар орманды шарпыған.
Өрт салдарынан "Семей орманы" резерватының Новошульба филиалының 14 қызметкері қаза тапты.
Өрт салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты 12 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024810-abai-oblysyndagy-orman-orti-oqsaulandy/