"70 пайызға жуығы мемлекеттік тілді таңдаған": биыл 410 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады
Жарияланған күні:
Оқу-ағарту министрлгі бүгінгі таңда 1-сыныпқа қабылдауға 249 737 өтініш түскенін, оның ішінде балалардың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдағанын мәлімдеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің хабарлауынша, 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 2023 жылдың 1 сәуірінде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бүгінгі күні 1 сыныпқа қабылдауға 249 737 өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады.
"Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүргізілуде. Ата-аналар белсенділік танытып жатыр. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1 пайыз), Маңғыстау (93,2 пайыз), Ұлытау (82,5 пайыз), Түркістан (80,6 пайыз) және Жамбыл (79,4 пайыз) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр", - деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта бірінші сыныпқа қабылдау бойынша өтінімдердің жоғары көрсеткіштері Қызылорда (92 пайыз), Ұлытау (83,7 пайыз), Шығыс Қазақстан (78 пайыз), Маңғыстау (87,1 пайыз) Түркістан (79,8пайыз) облыстарында байқалған.
Министрлік азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылғанын атап өтті.
"1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Бірінші сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.
Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп күтілуде", - делінген ресми хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024838-70-paiyzga-zuygy-memlekettik-tildi-tandagan-biyl-1-synypqa-qabyldauga-qansa-otinis-tusti/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде