Петропавлда футбол алаңынан адам сүйектері табылды
Жарияланған күні:
Петропавлда "Қарасай" стадионын қайта жөндеу кезінде адам сүйектері табылды. Полиция мәліметінше, қазіргі футбол алаңының орнында бұрын зират болған, деп хабарлайды "Алматы" арнасы.
Арна мәліметінше, сүйектердің жатқанына 100 жылдай уақыт өткен.
"Алматы" арнасының мәліметінше, сүйек қалдықтары шыққан уақытта алаңда тек жұмысшылар болған.
"Жұмыс істегеніме 15 жыл болды. Мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым. Бұған дейін жануарлардың сүйегін кезіктірдім. Ал адам сүйегін көргенде шошып кеттік. Адам денесінің қалдықтарын күнде кезіктіре бермейсің ғой. Қатты таңқалдық", – дейді куәгер камаз жүргізушісі Тимофей Балладин.
Арна мәліметінше, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның қызметкерлері бірден полиция өкілдерін шақырған. Мамандар оны бірден сараптамаға жіберіп, кейін қайта жерлеу үшін алып кеткен екен.
"2023 жылғы 14 маусымда сағат 09:59-да Петропавл қаласының арнайы жедел арнасына "Қарасай" стадионын қайта құру кезінде адам сүйектері табылғандығы жайлы анықтама келіп түсті.
Алдын ала анықталғандай, сүйек қалдықтары 100 жыл бұрын сол жерде орналасқан зиратқа тиесілі екендігі анықталды. Аталған факт Петропавл қаласы полиция басқармасының жедел бөліміндегі ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген", – дейді СҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкері Асыл Ысқақова.
"Алматы" арнасының мәліметінше, "Қарасай" стадионы осыдан 56 жыл бұрын салынған. Нысанды қайта жаңарту жұмыстары 2022 жылдың соңында басталды. Оған бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024979-petropavlda-futbol-alanynan-adam-suiekteri-tabyldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.