Астанадағы Kaspi Bank филиалында адамдарды кепілге алған ер адам 12 жылға сотталуы мүмкін
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі Астанадағы Kaspi Bank-тің филиалында адамдарды кепілге алған ер адамды қандай жаза күтетінін айтты. Бұл туралы ІІМ жаңалықтар Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 18 маусымда сағат 13:51-де Достық көшесінің бойындағы "Каспий Банк" филиалына кірген белгісіз тұлға, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып 7 адамды кепілге алған.
"Келіссөз жүргізгеннен кейін сағат 16:35-те арнайы жасақ қызметкерлері ғимаратқа шабуыл жасады. Жоспарланған операцияның нәтижесінде 30 жастағы ер адам ұсталып, кепілге алынғандардың барлығы босатылды", - деп хабардар етті Ішкі істер министрлігінен.
Сонымен қатар кепілге алынғандар мен кепілге алушы зардап шекпегені атап өтілді.
Оқиға болған жерге Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов барып, оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Жеке құрамның жоғары дайындығын айтқым келеді. Қылмыскермен келіссөз жүргізіп, шабуыл жасап, жәбірленушілерді босатты. Бәрін тергеу амалдары көрсетеді", - деді Марат Ахметжанов.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодестің 261-бабы 2-бөлігі "Адамды кепілге алу" бойынша тіркелді.
Бұл бапта мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайтынын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025326-astanadagy-kaspi-bank-filialynda-adamdardy-kepilge-algan-er-adam-12-zylga-bas-bostandygynan-aiyryluy-mumkin/