Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның ең үздік 5 туристік қаласын атады

Жарияланған күні:

Алматы қаласы
Алматы қаласы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстандағы ең үздік 5 туристік қаланың тізімін жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бесінші орында - қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласы. Биыл қаңтар-сәуір аралығында Ақтауға 220 660 қонақ келген. Ал, жазғы маусымға қарай, туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20 пайызға дейін артқан.

Төртінші орындағы Атырау қаласы туристер саны бойынша үздіктер қатарында. 2023 жылдың алғашқы төрт айында қалаға 305 460 қонақ келген. Мамыр айында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өңірде "Сарайшық" визит-орталығы ашылған. Мұнда туристерге Қазақ хандығы, Алтын Орда және ежелгі дәуірдегі қалашық тарихымен танысуға барлық жағдай жасалған.

Ведомство дерегінше, үшінші орында Шымкент қаласы. Шымкент туристер саны жағынан да көш бастап тұр. Қаңтар-сәуір аралығында шырайлы шаһарға 346 280 адам саяхаттап барған. Мұнда кез-келген турист көңілі қалаған демалысты таңдай алады. Киелі-тарихи орындарға саяхат, шипайжайдағы демалыс немесе қалада жиі ұйымдастырылатын спорттық, мәдени-бұқаралар іс-шараларға қатысуға болады.

Ал екінші орында тұрған елордасы Астана қаласы - әкімшілік-іскерлік орталық қана емес, туристер жиі таңдайтын басым бағыттардың бірі. 2023 жылдың алғашқы төрт айында ғана Астана 951 750 мейманды қабылдаған. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елорда іргесінде еліміздегі ең үлкен ашық аспан астындағы музей құрылысы жүріп жатыр. Бозоқ – бас қаланың туристік бойтұмары ретінде қонақтар міндетті түрде тамашалауға баратын орынға айналады.

Бірінші орында - Алматы қаласы. Алматы - тау-шаңғы курорттары, сұлу табиғат, қолайлы климат, басқа да артықшылықтары бар еліміздегі бірегей туристік қала. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында оңтүстік мегаполиске 1 185 130 адам саяхаттап келген. Алматыға әсіресе, шетелдік туристер жиі тоқтайды. Мәдениет және спорт министрлігі өңірдің туристік әлеуетін толық іске асыру мақсатында шетелдік туроператорлармен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Министрлік мәліметінше, 2023 жылдың алғашқы 4 айында (қаңтар-сәуір) Қазақстанда 3,5 млн адам ел ішінде саяхаттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артық. Мәдениет және спорт министрлігі ішкі туризмді ынталандыруға арналған бірнеше бағдарлама әзірлеп, іске қосты. Мысалы, Kids go Free бағдарламасы бойынша қазақстандықтар ел ішіндегі отбасылық демалысты тиімді жоспарлап, туроператорлардан туристік пакет сатып алғанда 30 пайызға дейін қаражат үнемдей алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025341-madeniet-zane-sport-ministrligi-qazaqstannyn-en-uzdik-5-turistik-qalasyn-atady/