"Көгал жамылғысы жұлынып, екі бала зардап шекті": Қарағанды әкімі қатты желден болған оқиғаға қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қарағанды қатты жел салдарынан ойын алаңындағы көгал жамылғысы жұлынып кетіп, салдарынан екі бала зардап шекті. Қала әкімі Мейрам Қожықов төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мейрам Қожықовтың сөзінше, балалар зардап шеккен оқиға бүгін Қарағанды қаласы Көгілдір тоғандар шағын ауданында болған. Қатты желдің салдарынан сол жердегі жасанды көгал жамылғысы (газон) жұлынып кетіп, салдарынан екі бала зардап шеккен.
Қала басшысының айтуынша, қазір олар ауруханада жатыр, барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Ал жасанды көгал жамылғысы әлі пайдалануға берілмеген.
"Бұл жасанды көгалды жаюмен мердігер ұйым өткен аптадан бастап айналыса бастаған еді. Ол периметрі бойынша ғана бекітілген, бірақ пайдалануға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Ата-аналардан осындай ауа райында балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймын!", – деп жазды Мейрам Қожықов желідегі парақшасында.
Сондай-ақ қала басшысы аудан әкімдеріне барлық балалар алаңы мен көгалдарды тексеріп шығуды тапсырғанын атап өтті.
Еске салайық, бүгін 19 маусымда Қарағандыда қатты жел салдарынан балалар алаңындағы жасанды жабынды жұлынып кеткен болатын. Оқиға салдарынан екі бала зардап шекті.
Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2015 жылы туған бала ауыр бас-ми жарақатымен профессор Мақажанов атындағы клиникаға жеткізілген. Оның маңдай сүйектері, бас сүйегі және білек сүйектері сынған. Ол жансақтау бөліміне жатқызылған.
Ал зардап шеккен тағы бір бала (2014 жылы туған) облыстық балалар клиникалық ауруханасына ми шайқалуы диагнозымен және басқа да жарақаттарымен жеткізілген. Ол бөлімшеде ем алуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025464-balalardy-qarausyz-qaldyrmauyn-suraimyn-qaragandy-akimi-zelden-eki-bala-zardap-sekken-oqigaga-qatysty-pikir-bildirdi/