"Пайдалы контент қарамайды": белгілі блогер Youtube желісінің қыр-сырын бөлісті
Жарияланған күні:
Белгілі блогер, тиктокер әрі Youtube платформасындағы "40 сұрақ" жобасының жүргізушісі Ерғанат Бөкей (Хайнель) KAZ.NUR.KZ тілшісіне шағын сұқбат беріп, танымалдылыққа қалай қол жеткізгенін және Youtube желісінінің қыр-сырын айтты.
Ерғанат Бөкей YouTube желісіндегі парақшасы он бір жыл бұрын ашылғанын, бастапқыда мақсаты басқаша болғанын жеткізді.
"2012 жылы жеке YouTube арнамды аштым. Алайда ол кездегі мақсат видео көріп, ұнаған арналарға тіркелу болатын. Сол кезде YouTube платформасында қазақ тілді контент өте аз еді. 2020 жылы 14 қаңтарда Bokey арнасында бірінші видео шықты. Сұқбат форматындағы “40 Сұрақ” деген бағдарлама бірден көрермендердің көңілінен шықты. Бүгінгі күнге дейін ол тұрақты түрде шығып келеді", - деді блогер.
Оның сөзінше, өзіне үлкен танымалдылық сыйлаған бағдарламасында елуден астам қонақ сұхбат берген.
“40 Сұрақ” бағдарламасына келген қонақтар көп болды. Олардың қатарында спорт жұлдыздарынан бастап әнші, актер, жайдарманшы және ел алдында жүрген азаматтар бар. Мәселен, "Қазақстан КВН одағының" президенті Есен Елеукен, тележүргізуші әрі сценарист Марат Оралғазин, футболдан Қазақстан құрамасы мен "Тобылдың" жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов, футзалдан Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені Біржан Оразов менің бағдарламамда көпті мазалаған сауалдарға жауап берді. Жалпы өзіме белгілі спортшылармен сұхбат жасаған ұнайды", - деп ағынан жарылды Ерғанат Бөкей.
Осы орайда блогер ел тұрғындарының басым бөлігі пайдалы контент көргісі келмейтінін ашып айтты.
"Қазіргі уақытта көпшілік “пайдалы контент” көргісі келмейді!. Мәселен, еліміздің дамуына үлкен үлес қосып жүрген Сырымбек Тау, режиссерлік салада үлкен туындыларды өмірге алып келген Қанат Бейсекеев, қазақстандықтарға түрлі тақырыпта сауатты ақпарат ұсынып жүрген Өркен Кенжебек секілді қонақтармен сұхбатым аз қаралым жинады. Ал бір күнде ТикТок желісі арқылы танымал болған қонақтар жүз мыңнан астам қаралым жинады", - деді ол.
Ерғанат Бөкейдің сөзінше, YouTube желісінде монетизация жасау қиындау. Сонымен қатар блогер әлемге әйгілі платформадан ай сайын қаржы түсіп тұратынын жасырмады.
"Бір айда ең көбі 1300 доллар таптым. Кей айда түспей қалады. Оны да жасырмайын. Бәрі жасаған жұмысыңа тікелей байланысты. Жақсы контент жасап, көп қаралым жинасаң қалтаң қампиып қалады. "Алма піс, аузыма түс" деп жата берсең, арнаң көрермендерінен айырыла береді", - деді “40 Сұрақ” бағдарламасының жүргізушісі.
Сөз соңында ол Youtube желісінде блог жүргізгісі келетіндерге кеңес берді.
"Youtube платформасында жеке арнаңды ашып, контент жасау өте оңай. Оның қиын жағы - сол контентті жүйелі түрде түсіріп, салып отыру. Бұл уақытты, шыдамдылықты және еңбекті қажет етеді", - деді Ерғанат Бөкей.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025499-paidala-kontent-qaramaidy-belgili-bloger-youtube-zelisininin-qyr-syryn-bolisti/