Өрт сөндірушілер Астана іргесіндегі қураған шөп және қамыс өртімен екінші тәулік күресіп жатыр
Жарияланған күні:
Өрт сөндірушілер Астана маңындағы қураған шөп және қамыс өртімен екінші тәулік күресіп жатыр. Бүгін өрт ошақтарына таңертеңнен бері 51 тонна су шашылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, өрт сөндірушілер Қорғалжын тасжолы мен Қосшы қаласына апаратын айналма жолдың арасындағы өртенген қураған шөп пен қамысты толықтай сөндіру жұмысын жалғастыруда.
Қазіргі уақытта өрт сөндірушілер бықсыған жерлердің жекелеген ошақтарын өшіріп жатыр.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов оқиға орнына барып, өртті тез арада сөндіру үшін күштер мен құралдар топтамасын тиімді жұмылдырылуды, ТЖМ "Казавиақұтқару" авиатехникасын қосымша тартуды тапсырған.
Бүгін өрт сөндіруге "Қазавиақұтқарудың" су ағызу құрылғысы бар МИ-8 борты қосымша тартылып, таңертеңнен бастап өрт ошақтарына әуеден 17 рет 51 тонна су шашылған.
Жалпы өрт басталғалы бері Қорғаныс министрлігінің және "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшақтары өрт ошақтарына әуеден 59 рет 198 тонна су шашқан.
Министрлік өрт сөндіру орнында Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінің жеке құрамынан 185 адам және 37 бірлік техника, қала әкімдігінің 6 суару машинасы жұмыс істеп жатқанын да атап өтті.
"Астана қаласының әкімдігі және де өз еркімен Клуб добряков еріктілер командасы өрт сөндірушілерді ыстық тамақпен және сусынмен қамтамасыз етті", - дейді ведомство өкілдері.
Осы орайда Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындары өрт қауіпсіздігі ережелерін (балалардың отпен ойнамауын қадағалау, темекі тұқылын тастамау) сақтауға шақырды.
Айта кетейік, 19 маусымда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушілер Қорғалжын тасжолы мен Қосшы қаласына апаратын айналма жолдың арасында жанып жатқан қураған шөпті сөндіріп жатқанын хабарлаған еді.
ТЖМ кешкі 21:09-да өрт оқшауланғанын, өрттің жалпы ауданы 80 гектарды құрағанын, өртті толықтай сөндіру жұмысы жалғасып жатқанын мәлім еткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025573-astana-irgesindegi-ort-qazirgi-uaqytta-ne-belgili/