Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күшпен тартып аламыз": Алматыдағы атышулы "Алтын Орда" базарынан тағы да шу шықты

Жарияланған күні:

"Алтын Орда" базары
"Алтын Орда" базары. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыдағы "Алтын Орда" базарынан тағы да шу шығып, белгісіз бір топ ер адам сауда нысанының күзет қызметін қолына алмақ болып, басшылар мен күзетшілерге қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы хабарлады.

Телеарна мәліметінше, желіде бір топ ер адамның "Алтын Орда" базары маңын торуылдап жүргені туралы түрлі бейжазбалар тарады.

Базар басшылығының сөзінше, бұл адамдар базардың күзет қызметін өз қолдарына алу үшін келген.

"Келіп, біздің базарды күшпен тартып аламыз деген талаптары бар. Қорқытып жатыр. Біз базарды аламыз, болмаса құртамыз деп. Біз енді оның барлығының сот арқылы заңды түрде шешілетініне сенеміз", - деді "Алтын Орда" базарының атқарушы директоры Ермек Омаров.

Телеарна хабарлауынша, он шақты ер адамның базарды айналшықтап, күзетшілерді қорқытып, үркітіп жүргеніне бір аптадан асқан. Өздерін "Алтын Орданың" жаңа күзет қызметіміз дегендердің қолында заңды құжаты жоқ екен. Шабуыл ұйымдастыра ма деп қауіптенген қарауыл қызметі күні түні көз ілмей кезекшілік атқаруға көшіпті.

"Кезек-кезекпен үйге барамыз. Үш-төрт күн болды жігіттер үйге бармағанына. Егер кетпейтін болсаңдар, біз сыртта бір газель спецназдар тұр. Өз еріктеріңмен кетіп қалуларыңа болады деп сондай қорқытып үйрелендірді", - дейді күзетші Әсет Егінбаев.

Базар басшылығы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгініп, облыстық полиция департаментіне дейін 70 түрлі арыз жаздық дейді. Бұл мәселеден құзырлы органдар да хабардар екенін жеткізді.

"Қазіргі уақытта Қарасай ауданының ПБ қызметкерлері аталған фактіні тексеру іс-шараларын жүргізуде. Жағдайды тескеру нәтижелері бойынша оқиғаны обьективті және жан-жақты зерттеу үшін құқықтық баға берілетін болады", - дейді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ернар Сайділдин.

Телеарна мәліметінше, "Алтын Ордада" 5 мыңнан астам сауда орны бар. Онда 50 мыңға жуық саудагер өз ісін дөңгелетіп отыр. Алматы қаласы мен аудандарға жіберілетін көкөністің 40 процентін, бөлшек сауданың 70 пайызын осы базар қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025652-kuspen-tartyp-alamyz-almatydagy-atysuly-altyn-orda-bazarynan-tagy-da-su-syqty/