Елімізде "Үздік педагог атағын беру" қағидаларына өзгерістер енгізілді
Жарияланған күні:
"Үздік педагог атағын беру" қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Оқу-ағарту министрлігінің Teleram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Жанар Есімбекованың айтуынша, 2023 жылғы маусымда жыл сайын өтетін "Үздік педагог атағын беру" қағидаларына өзгеріс енгізілген.
Енді конкурсқа меншік нысанына қарамастан, білім беру ұйымдарының педагогтері де қатыса алады.
"Педагогтерге "Үздік педагог" атағын беру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығымен бекітілген "Үздік педагог атағын беру" қағидаларымен реттеледі", - дейді ол.
Оның сөзінше, "Үздік педагог" атағы жыл сайын конкурс кезінде тағайындалады және ол бір педагогке он жылдың ішінде бір реттен артық берілмейді.
Конкурс үш кезең бойынша өтеді:
- аудандық-қалалық;
- облыстық;
- республикалық деңгей.
"Бірінші кезең шілде айынан басталады. Екінші кезең тамыз, үшінші кезең қыркүйек айында өтеді. Конкурс туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімде конкурс қатысушылары өздері құжаттарды яғни, материалдарын министрліктің ақпараттық жүйесіне жүктейді.
Шешуші кезеңде республикалық деңгейге өткен педагогтердің құжаттарын, сондай-ақ қатысушылардың Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында өткізетін сабақтарын республикалық комиссия қарап, бағалайды.
Нәтижесінде 64 жеңімпаз анықталады. Оларға "Педагог мәртебесі туралы" заңның аясында 1000 АЕК көлемінде сыйақы табысталады", - деп түсіндірді Жанар Есімбекова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026897-elimizde-uzdik-pedagog-atagyn-beru-qagidalaryna-ozgerister-engizildi/