Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Әскери бөлімнен қашып кеткені хабарланған Дәулет Тұрлыхановтың ұлы табылып, қызмет орнына жеткізілген

Жарияланған күні:

әскери
Әскери қызметші. Көрнекі фото: pixabay.com

Кеше әскери бөлімнен қашып кеткені хабарланған Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдарының қызметкерлері және әскери полицияның әскери қызметшілерімен ұйымдастырылған бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери бөлімді өз еркімен тастап кеткен мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Б.-ның орналасқан жері анықталды.

Әскери қызметші қызмет атқаратын орнына жеткізілді. Аталған факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде", - делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді.

Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып табылады.

Ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген еді.

Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазір депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.

Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.

Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027428-askeri-bolimnen-qasyp-ketkeni-xabarlangan-daulet-turlyxanovtyn-uly-qyzmet-atqaratyn-ornyna-zetkizilgen/