Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы 15 тәулікке қамауға алынды

Жарияланған күні:

Читать на русском
Кісен
Кісен. Көрнекі фото: pexels.com

Таяуда әскери бөлімнен қашып кетіп, кеше қызмет орнына жеткізілген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы 15 тәулікке қамауға алынды. Нұрасыл Болатқа қатысты іс Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімішілік сотында қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қалалық сотының Facebook-тегі ресми парақшасына сілтеме жасап.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрасыл Болат әскери бөлім басшысының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тартқан.

"Сот 2023 жылғы 2 шілдеде әскери бөлімнің қызметкері, қатардағы жауынгер Б. Алматы гарнизонының гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің тиісті бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға міндеттелді. Десе де ол лейтенант, бөлім командирі А.-ның бұл бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытта кетіп қалған", - делінген қалалық соттың баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Сот отырысында азамат Б. іс материалдарында көрсетілген фактілерді растаған.

Сот қаулысымен оған Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігі (Қазақстан Республикасының әскери қызмет саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауқа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Алматы соттары мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі полиция жігітті тауып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлімдеді.

Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып табылады.

Биыл ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген еді.

Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.

Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.

Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2027667-deputat-daulet-turlyxanovtyn-uly-15-taulikke-qamauga-alyndy/