Халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Бішкекте ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомБішкекте Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері бірнеше жыл бойы халықаралық іздеуде болған, ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі деген күдікке ілінген азаматты ұстады.
Kaktus Media агенттігінің Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, ұсталған адам Маңғыстау облысы Ақтау қаласының тумасы.
1988 жылы туған ер адам кәсіпкерлерден рейдерлік жолмен аса ірі көлемде ақша бопсалады деген күдікке ілінді.
Агенттік мәліметінше, қазіргі уақытта ол Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті және Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелері 2019 жылы кен орындарының біріндегі ұңғымадан мұнай ұрлауды ұйымдастырды деген болжам бар.
Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті мемлекетаралық іздеу жариялап, қылмыстық іс қозғаған.
Сонымен қатар Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, ол тергеушілерден жасырыну мақсатында азамат У.-дан 760 мың доллар бопсалап, көрші мемлекетке қашып кеткен деген күдікке ілінген.
Агенттік ақпартынша, ол Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткен болуы мүмкін.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті күдіктінің Қырғызстан азаматтығын алуының мән-жайы анықталып жатқанын айтты. Сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасынан көмектескендер бар-жоғы тексеріліп жатқанын мәлімдеген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028263-xalyqaralyq-izdeude-zurgen-qazaqstan-azamaty-biskekte-ustaldy-video/