Шымкент қаласы әкімінің орынбасары ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском20 шілдеде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ұсталды. Ол жемқорлық жасады деген күдікке ілінген. Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, 20 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратурамен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховты сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұстаған.
"Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, барлық қажетті жедел-тергеу іс-шарасы жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Мақсұт Исақов 1974 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары, мамандығы "ауыл шаруашылығы саласындағы экономист-ұйымдастырушы".
Мақсұт Пернебайұлы еңбек жолын ішкі істер органдарында бастаған. Еліміздің бірқатар облысында кеден саласында, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясында қызмет атқарған.
Еңбек жолында Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аудан әкімінің орынбасары болды.
Сонымен қатар Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу комитеті төрағасының орынбасары, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, аталған қалада Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
2020 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарып келген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029424-symkent-qalasy-akiminin-orynbasary-ustaldy/