Астанадағы тасымалдаушы компания жолаушылардың жартысы автобуста жолақысын төлемейтінін айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомОрталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "№1 Автобус паркі" АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев Астанадағы қоғамдық көліктегі 100 жолаушының 51-і жолақысын төлемейтінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Медет Шақаевтың сөзінше, автобустар жолаушылар санына қарамастан күн сайын жүреді.
"Біз жолаушы жоқ болса да, автобустарды азайтпаймыз. Бізде нақты кесте, нақты жоспар бар. Барлық автобус жолаушылардың аздығы мен төлемге қарамастан жұмысқа шығады" - деді ол.
Оның айтуынша, көптеген астаналық әлі күнге дейін жолақысын төлемей кетеді.
"Соңғы CTS деректері валидация бойынша көрсеткіш 51 пайыз екенін көрсетті. Бұл жолаушылардың кем дегенде 51 пайызы жол ақысын төлемейді дегенді білдіреді. Бізге үлкен шығын. Бұл - біздің жалақы, қосалқы бөлшектер, жанар-жағармайымыз.
Елорда тұрғындарын жол ақысын төлеуге шақырамын. Бүгінгі көрініс жақсы емес. 100 адам тасымалдайтын болсақ, 51 адам жол ақысын төлемейді деген сөз", - деді спикер.
Сондай-ақ ол бақылау және желілік қызмет қызметкерлері автобусқа кіргенде төлем жүйесі жабылатынын ескертті. Осы орайда ол айыппұл салмау үшін автобусқа кірген соң бірден қоғамдық көліктің ақысын төлеуді ұмытпауды өтінді.
CTS ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Астанада автобустарда жол жүру ақсыны көлік картасы немесе QR арқылы төлеуге болады. SMS арқылы төлем мүмкіндігі 2021 жылы өшірілген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030143-astanadagy-tasymaldausy-kompaniya-zolausylardyn-zartysy-avtobusta-zolaqysyn-tolemeitinin-aitty/