Тікұшақ, 10 моторлы қайық пен ондаған адам Каспий теңізі маңында жоғалған адамды іздеп жатыр
Жарияланған күні:
Читать на русскомМаңғыстау облысында құтқарушылар, шенеуніктер мен еріктілер 29 шілдеде Каспий теңізі маңында жоғалып кеткен ер адамды іздестіруде. Іздеу жұмыстарына тікұшақ, моторлы қайықтар және 20-ға жуық техника жұмылдырылды. Бұл туралы Lider.kz еріктілеріне сілтеме жасаған Lada.kz сайтында хабарланды.
Басылымның хабарлауынша, 29 шілдеде кешкі уақытта бес балықшы Құрық ауылынан жеті шақырымдай жерде ау орнатқан. Таңертең ер адамның бірі жоғалып кеткені белгілі болды. Бұл ретте оның заттары жағада қалып қойған.
Ер адам суға батып кеткен деген болжам бар.
Қарақия ауданының әкімдігінде іздестіру шараларына аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, аудан, ауыл әкімдігінің қызметкерлері және ерікті жастар, ауыл тұрғындары мен балықшылары және із-түзсіз жоғалған азаматтың туыстары жұмылдырылғаны хабарланды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында іздестіру-құтқару жұмыстары Сарша жерінің аумағы және Ерсай жағалауына дейінгі аралықты қамтығаны айтылған. Оған 60-қа жуық адам, 20-ға жуық техника жұмылдырылды. Оның ішінде 1 түкұшақ, 10 моторлы қайық, жол талғамайтын көліктер бар. Одан бөлек 7 сүңгуір де теңізде іздеу жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ ведомствода тікұшақтар ер адам жоғалған аумақты әуеден бақылап жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде үрмелі матрацта отырған үш қызды теңіз толқыны алып кетіп, құтқару жұмыстарына тікұшақ жұмылдырылған болатын. Кейін олар бір түннен кейін табылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2030624-tikusaq-10-motorly-qaiyq-pen-ondagan-adam-kaspii-tenizi-manynda-zogalgan-adamdy-izdep-zatyr/