Елімізде үй жануарларын тіркемегендерге 1 қыркүйектен бастап айыппұл салынады
Жарияланған күні:
Әрбір қазақстандық қыркүйектен бастап үй жануарларын тіркеу ақысын өзі төлеуге тиіс. Алайда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бұл қызмет тегін көрсетіледі. Бұл туралы Almaty TV арнасында хабарланды.
Телеарна мәліметінше, үй жануарын тіркеу қызметі жаңа жылдан бері тегін жүріп жатыр. Бірақ мамандардың сөзінше, азаматтар тегін қызмет көрсету мерзімі аяқталуға тақаған кезде ғана келіп жатыр.
"Арнайы таңба жүйесі болады. Сол таңбаға оларды тіркейміз. Оған вакцинация жасалды ма, жасалған жоқ па,төлқұжат берілді ме, мекенжайы, иесі кім, бәрі жазылады", – деді "Астана ветсервис" КММ директоры Ерлан Зикебаев.
Телеарнаның хабарлауынша, үй жануары тіркелмеген жағдайда алдағы айдан бастап азаматтар "Әкімшілік құқық бұзушылық" кодексіне сәйкес, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы бойынша жауапкершілікке тартылады және 34 500 теңге көлемінде айыппұл салынады. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда бұл сома екі есеге артады.
"Біз қазір Цифрлық даму министрлігімен осы сұрақты қарастырып жатырмыз. Қазақстан бойынша үй жануарлары туралы ортақ ақпараттық жүйе жасау керек. Бірақ оның қашан дайын болатынын нақты айта алмаймын. Оған уақыт керек. Қазір әр өңірдің өзіндік базасы бар", – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бас сарапшысы Талғат Ердешев.
Сондай-ақ телеарнада үй жануарына енгізілген чип тек оны енгізген өңірде көрінетіні атап өтілді. Яғни, қазақстандық үй жануарымен бірге өңірден шығып, басқа қалаға барған жағдайда оны қайта тіркеуге тиіс.
Телеарна ақпаратынша, ақпараттық жүйе ұсынатын компаниялар тендер ұту арқылы үй жануарын тіркеумен айналысу құқығына ие болып, үй жануарлары туралы жеке база құрады.
Сонымен қатар қазақстандықтар сәндік егеуқұйрық, атжалман сияқты үй жануарларының басқа түрін тіркеуден өткізуге міндеттелмейді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031057-elimizde-ui-zanuarlaryn-tirkemegenderge-1-qyrkuiekten-bastap-aiyppul-salynady/