Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда судьяға қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр

Жарияланған күні:

Читать на русском
Сот балғасы мен әділдік таразысы
Сот балғасы. Көрнекі фото: pexels.com

Адвокат Бауыржан Бибатыров жауапты органдардан көлікті мас күйінде тізгіндеген болуы мүмкін талдықорғандық судья туралы ақпаратты тексеруді сұрады. Бұл жағдайға қатысты Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бауыржан Бибатыров Instagram-дағы парақшасында желіде Талдықорған қалалық сотының судьясы мас күйінде көлік жүргізгені туралы ақпарат пайда болғанын жазды.

"Әлеуметтік желілерде полиция Талдықорған қаласының судьясына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғағаны туралы ақпарат тарады. Таралған ақпарат бойынша Үмбетай есімді азамат көлікті мас күйінде басқарған.

Ал ең қызығы, бұл заңбұзушылық электронды базаға енбеген. Бейнежазбалар полицияда сақталуы керек. Бұған неліктен болғаны әзірге жұмбақ. Бірақ қазір бәрі істі тоқтатып тастауға тырысуда.

Мұның бәрі жай ғана түсініспеушілік пен қауесет, ал Талдықорған соты ресми жауапты дайындап жатыр деп сенгім келеді, - деді ол.

Адвокат ІІМ-ге, Жоғарғы сотқа және Антикорға шағым жолдап, бұл ақпаратты тексеруді сұраған. Ол өтінішін 19 шілдеде жолдаған.

Сонымен қатар Бауыржан Бибатыров ресми жауап алғанын жазды. Ол құжаттың скриншотын парақшасына жариялады.

"Судья А.М. Үмбетайға қатысты Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің ішкі қауіпсіздік бөлімі құрылған комиссиямен бірлесіп, қажетті ақпаратты сұратумен қызметтік тексеру жүргізуде", - делінген хабарламада.

Оқиғаға қатысты NUR.KZ тілшісіне Жетісу облысы сотының баспасөз қызметі жауап берді.

"Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия оқиғаның барлық материалын ішкі істер органдарынан сұратып, бұл ақпаратты тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижесі кейінірек белгілі болады", - деп жауап берген ведомстводағылар.

Талдықорған сотының ресми сайтының мәліметінше, сот төрағасы қызметін Үмбетай Абдилла Муваракұлы атқарып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031084-taldyqorganda-sudyaga-qatysty-qyzmettik-tekseris-zurip-zatyr/