Сот Әблязов ұрланған ақшаны АҚШ-та жылыстатқан деп таныды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАмерика соты Мұхтар Әблязовті "БТА Банктен" ақша ұрлап, оны АҚШ-та жылыстатты деп таныды. Бұл туралы "БТА Банк" АҚ ресми сайтында жарияланған хабарламада айтылған.
Банктің хабарлауынша, 2023 жылдың 31 шілдесінде Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша АҚШ Округтік сотының судьясы Джон Г. Кёльтл "БТА Банк" АҚ пайдасына шешім шығарып, Triadou SPV S.A.-ны ақшаны жылыстату фактісі бойынша кінәлі деп таныды. Жалпы 193 миллионнан астам АҚШ доллары жылыстатылғаны анықталды.
Судьяның шешімі 2022 жылдың желтоқсан айындағы алқабилер сотының үкімінен кейін шыққан. Сот шешімі бойынша Triadou компаниясы қаржы жымқырғаны және заңсыз байығаны үшін жауапкершілікке тартылды.
"Алқабилер сотының үкімінен бөлек, судья іс материалдарымен танысып, 66 бетте өз шешімінің негіздемесін егжей-тегжейлі баяндап берді. Осылайша сот БТА-ның Triadou-ға қарсы сенімгерлік мүлкі мен БТА қаражатының көмегімен табылған кез келген қаражатқа қатысты талап-арызын мойындады. Сондай-ақ сот БТА-ның Triadou-ға қарсы бірқатар активіне қатысты талаптарын қанағаттандырды", - делінген хабарламада.
Triadou SPV компаниясын Мұхтар Әблязовтің күйеу баласы Ілияс Храпунов құрған және оның тікелей басшысы болып саналады.
Судья Triadou компаниясы БТА-дан ұрланған 70 миллионнан астам АҚШ долларын Нью-Йорктегі және АҚШ-тың басқа жерлеріндегі жылжымайтын мүлікке инвестициялағанын анықтады.
"Сот қорытындысында баяндалғандай: "Сотта ұсынылған дәлелдерге сәйкес, АҚШ-тағы Triadou атынан инвестицияланған қаражат Әблязовтің басқа компания арқылы БТА-дан ұрлаған 115,3 миллион долларымен тікелей байланысты.
Ілияс Храпуновтың Triadou SPV бас компаниясын үшінші тұлға Филипп Глатцқа саттым дегеніне қарамастан, сот мынадай қорытындыға келді: "Глатцтың (Triadou SPV-ны - ред.) сатып алуы жалған болып шықты, оның құнын Ілияс өзі төлеген және ол тіпті сот процесі басталғаннан кейін Triadou-ды басқаруды жалғастырған", - деді "БТА Банк" өзінің хабарламасында.
Судья мен алқабилер соты куәгерлерді, оның ішінде Әблязов пен оның сыбайластарын, сондай-ақ БТА-ға қарсы жасалған ірі алаяқтықтың құрылымын түсіндірген сарапшыларды тыңдап шықты. Судья Әблязовтің "оффшорлық компанияларға жалған несие беру" арқылы миллиардтаған долларды ұрлау үшін БТА корпоративтік бизнес әкімшілігін пайдаланғаны туралы БТА ұсынған дәлелдемелерді толыққанды және сенімді деп қабылдады.
Судья былай деп қорытындылады: "Банктің клиенттері" болған оффшорлық компаниялар Әблязовтің иелігінде немесе бақылауында болған, ал ол берген "қарыздарда" ешқандай да экономикалық себеп болмаған. Берілген несиелер тәуелсіз тараптар арасындағы мәмілеге айналудың орнына, Әблязовтің "БТА Банкінен" қаражатты заңсыз иемденгенін жасыруға қолданылған".
Сот Әблязовтің сыбайластарының айғақтары мен олардың қаражат көзі туралы балама түсіндірмесін "сенімсіз" деп танып, қабылдаған жоқ.
"Біз Нью-Йорк судьясы мен қазылар алқасына Мұхтар Әблязовтің "БТА Банкін" алдап, миллиардтаған АҚШ долларын ұрлағанын және АҚШ-та оны жылыстатқанын дәлелдей алдық. Бұл іс "БТА Банкінің" әділдікке қол жеткізу бойынша маңызды қадамы болды және Әблязов пен оның сыбайластарын жауапқа тартуда шешуші іс болды. Біз алқабилер мен АҚШ округтік сотының дәлелдемелерді мұқият қарастырғаны үшін алғыс айтамыз", - дейді Boies Schiller Flexner ЖШС басқарушы серіктесі және БТА өкілі Мэттью Л. Шварц.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031162-sot-ablyazov-urlangan-aqsany-aqs-ta-zylystatqan-dep-tanydy/