Қылмыстық кодекске қызды алып қашқаны үшін жаңа бап енгізілмек
Жарияланған күні:
Қазақстанның Қылмыстық кодексіне неке қию мақсатында адам ұрлау фактісі бойынша жеке бап енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ресми сайтында хабарлады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл баспасөз қызметінің мәліметінше, адам ұрлаумен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды талдау көрсеткендей, 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аталған санаттағы 214 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
"Бұл ретте некеге тұру мақсатында қыздарды ұрлау бойынша нақты статистикалық деректер жоқ, өйткені Қылмыстық кодексте мұндай құқық бұзушылықтың жеке құрамы көрсетілмеген", - делінген хабарламада.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл баспасөз қызметінің ақпаратынша, қазіргі уақытта ұлттық құқық қорғау мекемесі қылмыстық заңнамаға бірқатар түзету, атап айтқанда жеке бапты енгізуді және жәбірленуші өз еркімен босатылған жағдайда қылмыскерді қылмыстық жауаптылықтан босатуды көздейтін Қылмыстық кодекстің 125-бабына ескертпені алып тастауды қарастыруда.
Адам құқығына жауапты орган ақпаратынша, Орталық Азия елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қылмыстық заңнамаларында әйелдерді некеге мәжбүрлеп тұрғызу мақсатында ұрлау туралы жеке бап бар.
"Адам құқығы жөніндегі уәкілдің бастамасымен Қылмыстық кодекске "Неке қию мақсатында адамды ұрлау" деген 125-1 бапты енгізу туралы ұсыныс жолданды, ол әйелдерге қатысты қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ескерту әсерін тигізеді деп сенеміз", - деп жазылған Адам құқығы жөніндегі уәкіл хабарламасында.
Бас прокуратура Адам құқығы жөніндегі уәкілдің Қылмыстық кодекске 125-1-баптың жеке бөлігін енгізу туралы ұсынысын қолдаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031275-qylmystyq-kodekske-qyzdy-alyp-qasu-deregi-boiynsa-zana-bap-engizilmek/