ҰҚК "Азаматтарға арналған үкімет" филиалының тағы бір басшысын ұстады
Жарияланған күні:
ҰҚК Ақмола облысы "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ жергілікті бөлімшесі басшыларының бірін базадағы мәліметтерді заңсыз өзгерткен деген күдікпен ұстады. Бұл туралы комитет Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Құзырлы орган мәліметінше, 2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады.
ҰҚК ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді заңсыз өзгертті деген күдікке ілінгенін анықтады.
Қылмыстық кодекстің 206-бабының 3-бөлігімен (ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Құзырлы орган Көкшетау қаласының соты күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялап, өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031288-uqk-azamattarga-arnalgan-ukimet-filialynyn-tagy-bir-bassysyn-ustady/