"Азаматтарға арналған үкімет" өкілдері мемкорпорация қызметкерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русском"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы өкілдері Ақмола облысы бойынша жергілікті бөлімшесі қызметкерінің ұсталғанына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Азаматтарға арналған үкіметтің" мәліметінше, Ақмола облысы "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ жергілікті бөлімшесі басшыларының бірін ұстауға мемлекеттік корпорацияның Орталық аппаратының Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері мұрындық болған.
"Сондай-ақ 2022 жылдың қазан айында аталған қызметкердің үстінен шағымдар түсіп, 2022 жылдың қарашасында жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу саласындағы заң бұзушылықтар үшін оған сөгіс жарияланған. Біз құқық қорғау органдары шара қабылдау үшін бұл қызметкердің құқық бұзушылықтары бойынша барлық тиісті материалды жібердік", - делінген "Азаматтарға арналған үкіметтің" хабарламасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысы "Азаматтарға арналған үкімет" МК" КЕАҚ жергілікті бөлімшесі басшыларының бірін базадағы мәліметтерді заңсыз өзгерткен деген күдікпен ұстағаны туралы жазған едік.
Құзырлы орган ақпаратынша, 2023 жылғы 27 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Ұлттық ұланды жұмылдыра отырып жүргізген жедел-тергеулік іс-шаралар нәтижесінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жергілікті бөлімшесі бастықтарының бірін ұстады.
ҰҚК ол Қазақстанның аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымына жататын деректер базасындағы жер учаскелеріне қатысты мәліметтерді заңсыз өзгертті деген күдікке ілінгенін анықтады.
Қылмыстық кодекстің 206-бабының 3-бөлігімен (ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру) қарастырылған қылмыстық заң бұзушылық белгілері бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
Ведомство ақпаратынша, Көкшетау қаласының соты күдіктіні қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031297-azamattarga-arnalgan-ukimet-okilderi-memkorporaciya-qyzmetkerinin-ustaluyna-qatysty-pikir-bildirdi/