Астанада бассейнге батып бара жатқан баланы құтқарған сәт видеоға түсіп қалды
Жарияланған күні:
Астанада бассейнге шомылып жүрген бала суға батып кете жаздады. Оны сол жерде демалып жатқан адамдар құтқарып алды. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Видеодан суда ес-түссіз жатқан баланы сол жерде демалып жүрген әйелдің шығарып алғанын байқауға болады. Кейін оны ер адам көтеріп алып жерге жатқызады. Сол сәтте көмекке демалушы әйелдердің бірі келеді. Ол жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қалпына келтіреді.
Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін бассейн қызметкерлері баланы дәрігерлерге тапсырған.
Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Ата-анасы баласын құтқаруға ат салысқандарға алғысын білдірді.
Белгілі болғандай, алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйелдің есімі Назым Шәріпова. Ол Есіл ауданының полиция басқармасында қызмет етеді. Сол күні полицей әйел отбасымен демалыста болған. Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031462-astanada-basseinge-batyp-bara-zatqan-balany-qutqargan-sat-videoga-tusip-qaldy/