Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда бір ай ішінде тұрмыстық жанжалға қатысты 10 мың шағым түскен

Жарияланған күні:

Әйелге зорлық көрсету
Әйелге зорлық көрсету. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Елімізде шілде айының басында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жаза күшейді. Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай тәртіп сақшылары арыз түспестен іс қозғай алады, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Телеарна мәліметінше, әкімшілік кодекстегі өзгерістер бойынша тараптарға бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Әйелін қайта-қайта ұрып-соққандар 25 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Отбасылық жанжалдың құрбаны болып жатқандар әлі де көп. Астанадағы тәртіп сақшылары күнде кешке тұрмыстық жанжалды шешуге мәжбүр екенін айтады.

Тілшілер мәлім еткендей, кезекті қоңырау Алматы ауданы көшелерінің бірінен түскен. Шағымданушы әйелдің сөзінше, бірге тұратын азамат ішімдік ішіп алып, оған тап берген. Ал күдікті дереу жеткен полицияны үйге кіргізуге асықпаған. Жәбірленушіні бұған дейін де ұрып-соққан. Шыдамы таусылған соң, әйел полицияға арыз беруге бел буған. Күдіктіні жауапқа тарту-тартпау жайы іс сотқа жолданғаннан кейін ғана белгілі болады.

Телеарна дерегінше, шілденің басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық жазасы күшейді, Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге сай полиция арызды күтпестен істі тергей алады.

"1 шілдеден бастап 300-дей адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды аудан бойынша. Көп жағдайларда бұрын арыз түспеген жағдайда біз шара қолдана алмайтынбыз. Қазіргі таңда бізге хабарлама түскен жағдайда оқиға орнына жетіп барып, факт дәлелденген жағдайда біз әкімшілік жауапкершілікке тартамыз", - дейді Астана қаласы Алматы ауданы жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұржан Сәрсенбаев.

Тілші келтірген мәлімет бойынша елде шілде бойы тұрмыстық жанжалға қатысты 10 мың шағым түскен. Оның 92 пайызында айыптылар жауапқа тартылған. 5-10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғандар да бар. Мамандар жанжал салдарымен күресуден бұрын алдын алуға мән беру керек дейді.

"Біз өз тарапымыздан заңгерлік кеңес береміз. Бұл отбасы үшін өте қажет. Сондай-ақ психологиялық жәрдем көрсетіледі. Жанұялар кейде өздері келеді, кей кездері полиция арқылы жүгінеді. Біз олармен меморандумға отырдық", - деді қоғамдық қор директоры Роза Бекешева.

Тілшілер әкімшілік кодекстегі өзгерістер оң нәтижесін беріп жатыр дейді. Соңғы уақытта тұрмыстық зорлықтан қаза тапқандар саны 1,5 пайызға азайған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031471-qazaqstanda-bir-ai-isinde-turmystyq-zanzalga-qatysty-10-myn-sagym-tusken/