Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жетісу облысы Ақши ауылындағы "Жалын" жазғы сауықтыру лагері ресми түрде ашылды

Жарияланған күні:

Ақши ауылындағы «Жалын» лагері
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Салтанатты шарада халықаралық және республикалық зияткерлік, өнер және спорт жарыстарында оза шапқан облыс оқушылары марапатталып, оларға 300 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар берілді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Лагерьдің ашылуына қатысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен ондағы шығармашылық үйін аралап, дарынды балалардың қолөнер және сурет көрмесімен танысты. Нысанның ішкі жағдайын бағамдап, жатын бөлмелерін, асханасын, тағы басқа бөлмелерін аралап көрді, балалармен тілдесті.

Салтанатты шарада балаларды құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта келе:

"Бүгін халықаралық, республикалық бәсекелерде топ жарған өнерлі, білімді 100 бала "Жалын" лагеріне жиналып отыр. Лагерьдің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Біз балалардың заманға сай білім алуына, пайдалы демалысына ерекше басымдық береміз. Қазір ғылым мен техниканың заманы. Білімді, технологияны жақсы меңгерген жастары бар мемлекет қана озық болады. Алдағы уақытта да білім мен өнер жарыстарында Қазақстанның, Жетісу облысының мәртебесін көтеріп, жетістіктерге жете беріңіздер. Жазғы демалысты тамаша өткізіп, оқу жылына жаңа серпінмен, күш-жігер жинап келулеріңізге тілектеспін", - деді балаларға өңір әкімі.

Ақши ауылындағы «Жалын» лагері
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Осы жиында облыс басшысы халықаралық және республикалық зияткерлік шаралар жеңімпаздарын марапаттады. Соның ішінде республикалық "Бастау" XVI олимпиадасында 1 орын алған Көксу ауданы Қадырғали Жалайыри атындағы мектептің 3 сынып оқушысы Жанбота Болатқа және Қ.Сатпаев атындағы Х аймақтық олимпиадада ІІІ орын иеленген, 2023 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың (жаратылыстану-математикалық бағыты) ІІ орын және халықаралық "Туймаада" олимпиадасының ІIІ орын иегері, Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің 10 сынып оқушысы, Ақбота Жұмабековаға 300 000 теңгеден, IX Халықаралық "Айбын 2023" әскери-патриоттық жастар жиынында ІIІ орын тұғырынан көрінген, Талдықорған қаласындағы Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің әскери-патриоттық "Жас десантшылар клубы" 500 000 теңге, II Халықаралық "Ұлы дала ұрпағымыз" балалар мен жастар байқауының ІІ орын иегерлері, "Жұлдыз арт" Халықаралық байқауының ІІІ орын иегерлері, V Халықаралық "Арена танца" байқауының Бас жүлдесін алған, "Жас талант" атты Республикалық байқауының І орын иегерлері, Өзбекстан мемлекетінде өткен "Арена танцев" атты Халықаралық хореографиялық өнер байқауының Бас жүлде иегерлері Көксу ауданындағы "Өнер" мектебінің "Кербез" жоғары би тобына және қыздар волейбол командаларының арасындағы республикалық ұлттық мектеп лигасының жүлдегер командасына 1 000 000 теңге ақшалай сыйлықтар мен облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Ақши ауылындағы «Жалын» лагері
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мұнан соң тынығушы оқушылар атынан Нұрасыл Шәріпов құттықтау сөзін жеткізіп, балалар флешмоб биледі.

Жалпы "Жалын" жазғы-сауықтыру лагері әрқайсысы 20 орынға арналған 5 корпустан тұрады. Нысанның құрылысына 1 млрд 15 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын "Дәулет- Серпін" ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы алаңы 11 709 шаршы метр.

Бір ауысымда 100 бала қабылдай алатын лагерьде 100 орындық мәдениет үйі, 60 орындық асхана, 5 балалар ойын алаңы, 1 жаттығу спорт алаңы, 10 демалыс орны бар. Материалдық техникалық базасы жасақталып, интерактивті тақта, компьютерлер, спорттық ойындарға арналған жабдықтар, музыкалық аспаптар қойылған. Қазір мұнда 13 адам жұмыс істейді, соның ішінде жүзу жетекшісі, дене шынықтыру маманы, тәрбиеші, музыка жетекшісі сияқты арнайы мамандар бар.

Ақши ауылындағы «Жалын» лагері
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Лагерьдің бірінші ауысымында облыстағы халықаралық, республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен спорт, өнер бағытындағы дарынды балалар демалуда.

Келесі ауысымда облыстағы әскери патриоттық клубтар, кадет сыныптары, "Жас Сарбаз" қозғалысы және республикалық дебаттық қозғалысының жеңімпаздары қамтылатын болады. Ал келесі жылы жаз мезгілінде мұнда 1200 бала демалыспен қамтылады деп жоспарланған.

Жалпы биыл Жетісу облысында 10 мыңнан астам бала осындай қала сыртындағы лагерьде демалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031496-zetisu-oblysy-aqsi-auylyndagy-zalyn-zazgy-sauyqtyru-lageri-resmi-turde-asyldy/