Астана тұрғыны қызға шабуыл жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАстана соты ер адамды бес жылға бас бостандығынан айырды. Оған елорда тұрғынына күш көрсетіп, қарақшылықпен айналысты деген айып тағылды. Бұл туралы Астана қаласы сотының ресми сайтында хабарланды.
Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушы жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей күш қолданып, қарақшылық шабуыл жасауына қатысты үкім шығарды.
"А. бейтаныс адамға жақындап, өзінің физикалық артықшылығын түсініп, жәбірленушінің иығынан ұстап, жерге құлатқан.
Одан соң жәбірленушіні жерде сүйретіп, оң аяғымен ішінен бірнеше рет тепкен, кейін шалбарының артқы қалтасынан iPhone 13 Pro Max смартфонын алып, қылмыс орнынан қашып кетті", – делінген хабарламада.
Осылайша жәбірленушіге 750 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.
Сот мәліметінше, сотталушы өз кінәсін мойындамай, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраған. Сондай-ақ келтірілген залал толығымен өтелгені атап өтілді.
"Сотталушының кінәсі куәгерлер мен жәбірленушінің айғағымен, оқиға болған орынды зерделеумен, заттай айғақтармен, сыртқы бейнебақылау камераларының жазба үзіндісі және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген", – деп жазылған қалалық соттың ресми сайтында.
Бұл ретте сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жағдай анықталған жоқ. Бірақ қылмыстың бірнеше рет қайталануының салдарынан жаза ауырлай түсті.
Осылайша А. есімді ер адам Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031551-astana-turgyny-qyzga-sabuyl-zasagany-usin-5-zylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/