Алматы тауларында жоғалған турист екінші күн іздестірілуде
Жарияланған күні:
5 тамызда Алматы тауларында асуларды жалғыз өзі еңсермек болған 39 жастағы туристке ескертілген уақытта байланысқа шықпағандықтан іздеу салынды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында хабарланды.
Ведомствоның хабарлауынша, 5 тамызда 39 жастағы турист Шымбұлақ-Талғар асуы (3163 м) - Богданович мұздығы (3500 м) - Абай шыңы (4010 м) бағытын жалғыз өзі еңсермек болды. Алайда ол ескертілген уақытта байланысқа шықпады.
"Іздеу орнында ТЖД, ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының 30 астам қызметкері, ерікті құтқару қызметінің еріктілері, қалалық құтқару қызметінің құтқарушылары, Алматы қаласының Альпинизм федерациясының өкілдері, екі кинологиялық есептоп және ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Ведомствода ТЖМ құтқарушылары тауға жалғыз көтерілу және маршрутты өзгерту қауіпті екенін еске салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін 3 тамызда Іле Алатауы тауларында шетелдік ерлі-зайыпты құтқарылғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031568-almaty-taularynda-zogalgan-turist-ekinsi-kun-izdestirilude/