Белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова полицейлерді заңсыз әрекет етті деп айыптады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖуырда қамауға алынған белсенді журналист Сандуғаш Дүйсенова полиция ұстау кезінде заңсыз әрекетке барды деп хабарлады. Жетісу облыстық полиция департаменті аталған жайтқа түсініктеме берді.
Дүйсенованың мәлімдемесі журналист Оңғар Қабденнің Telegram-арнасында жарияланды. Жарияланған жазбада қамауға алу кезінде белсендінің бір топ адамның алдында шешінуге мәжбүр болғаны және ол сәт камераға түсірілгені айтылған.
Алайда полиция департаменті берген түсініктемеге сай, сотқа дейінгі тергеу аясында 11 тамызда соттың рұқсатымен ұсталған Дүйсеноваға неліктен жеке тінту жүргізілгенін түсіндірді.
"Тінту рәсімі Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын қатаң сақтай отырып, тергеуші сот-медициналық сарапшының және екі куәгердің (тінтіліп жатқан адаммен жынысы бір) қатысуымен жүргізілді.
Аталған тергеу әрекетін іске асыру кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) пайдалану міндетті және Қылмыстық іс жүргізу кодексімен реттеледі", – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Тінту кезінде оның үстінен тыйым салынған заттар табылмаған.
Еске салсақ, 13 тамыз күні Талдықорғанда белгілі қазақстандық белсенді және журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны туралы белгілі болды.
Ол Қылмыстық кодекстің 147-бабы 5-бөлігі ("Адамның жеке өмірі туралы оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәліметтерді тарату") бойынша қозғалған қылмыстық істің фигуранты болып табылады.
Кейін белсендінің адвокаты Ильмира Назырова Дүйсенованың қамауға алынуын заңсыз деп санайтынын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта бұл факті бойынша Талдықорған қаласының прокурорына арыз жолданды. Әділ және жан-жақты тергеу болады деп үміттенеміз", – деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032329-belgili-zurnalist-sandugas-duisenova-ustau-kezinde-policeilerdi-zansyz-areket-etti-dep-aiyptady/