Премьер-министр мектеп формасы мен кеңсе тауарларына қолжетімді баға бекітуді тапсырды
Жарияланған күні:
Читать на русскомПремьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында кеңсе тауарлары мен мектеп формасына қолжетімді баға бекіту мәселесін пысықтауды тапсырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Смайылов Оқу-ағарту министрі мен облыс әкімдеріне еліміздегі барлық білім беру нысанының жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын болуын жеке бақылауды тапсырды.
"Облыс әкімдіктері көмекке зәру балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуді 100 пайыз қамтамасыз етуі керек. Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен жылжымалы дүкендер ұйымдастырған дұрыс.
Әкімдіктер, білім, сауда, индустрия министрліктері және "Атамекен" палатасы мектеп құралдары мен мектеп формасының тұрақты, қолжетімді бағасын қамтамасыз ету мәселесін пысықтауға тиіс", – деді Смайылов.
Сондай-ақ Смайылов әкімдіктер мен Ішкі істер министрлігіне мектептердегі бейнекамераларды жаңарту, Жедел басқару орталықтарына бейнебақылау жүйелерін енгізу және мектептерді лицензиялық күзетпен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Премьер-министр Оқу-ағарту министріне 1 қыркүйекке дейін барлық оқушыны оқулықтармен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар Қазақстанда соңғы бір жылда кеңсе тауарлары бір жарым есеге қымбаттағанын хабарлаған болатын. Ноутбуктердің орташа құны бір жылда – 77 пайызға жоғарылады. Қаламдар 38,6 пайызға, түрлі-түсті қарындаштар 41,9 пайызға және сурет дәптері 44,1 пайызға қымбаттады.
Рюкзактар мен студенттік сөмкелердің бағасы бір жылда 41 пайызға өскен. Өткен жылдың тамыз айында да олардың орташа құнының күрт өсуі байқалған болатын – 44 пайызды құрады.
Бұл ретте мамандар кеңсе тауарларының бағасы мен оның өзгеруі аймаққа, сауда орнына, өндірушіге және басқа да факторларға байланысты әр түрлі болуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда "Жалпыға бірдей білім беру" қорынан 2023 жылы мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін бір балаға 43 мың теңге жұмсалатыны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032513-premer-ministr-mektep-formasy-men-kense-tauarlaryna-qolaily-baga-bekitudi-tapsyrdy/