"Тұрғындар "жоқ" десе, жаңа орын іздейміз": Энергетика министрлігі Үлкен ауылындағы АЭС құрылысы туралы айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомҮкімет кулуарында Энергетика вице-министрі Алматы облысындағы Үлкен ауылында өтіп жатқан қоғамдық тыңдау қорытындысы бойынша ғана атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданатыны айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Вице-министр Жандос Нұрмағамбетов "Атом энергиясын пайдалану туралы" заңға сәйкес, атом электр станциясы салынатын жерді әкімдіктің келісімі негізінде үкімет шешетінін атап өтті.
"Министрліктің ведомствоаралық комиссиясы бірінші станцияны Үлкен ауылының маңында орналастыру керектігін айтып отыр. Біз Алматы облысының мәслихатынан сұраған едік. Олар бұл жобаны ауыл жұртшылығы қолдаса деген шартпен келісімін берді.
Тұрғындар, белсенділер, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен қазір қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Сол жерде қойылған сұрақтың барлығын да біз талдаймыз", - деп сендірді ол.
Ол қоғамдық тыңдаулардың қорытындысын күтуге шақырды.
"Орналасқан жері туралы шешімді анықтау үшін Алматы облысы әкімдігінің қорытындысы қажет. Бүгін "иә" немесе жоқ" деген жауапты әкімдік айтады. Осыдан кейін бұл станцияны орналастыру туралы шешім қабылданады. Бірақ станция салынбастан бұрын техникалық-экономикалық негіздемесі жасалады. Қоршаған ортаға әсерді бағалау, барлық мүдделі тараптың пікірі жиналады. Бұл жұмыс енді ғана басталып жатыр", - деп толықтырды вице-министр.
Вице-министрге журналистер ауыл тұрғындары қарсы дауыс берсе, не болмақ деген нақты сауал қойды.
"Егер бүгін тұрғындардың көпшілігі "жоқ" десе, Алматы облысы мәслихатының шешімі күшіне енбейді. Яғни рұқсат бермесе, жаңа орын іздейміз", - деп жауап берді Нұрмағамбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033478-turgyndar-zoq-dese-zana-oryn-izdeimiz-energetika-ministrligi-ulken-auylyndagy-aes-qurylysy-turaly-aitty/