Атырау облысындағы мектепте 1 оқушы оқиды: ауыл тұрғындары білім ошағын жаппауды сұрайды
Жарияланған күні:
Атырау облысының Кенбай ауылындағы мектеп жалғыз бала үшін жұмыс істеп тұр. Үшінші сыныпқа баратын бір балаға бес мұғалім сабақ береді екен. Білім басқармасы 1 бала үшін бір мекеме ұстап отыру тиімсіз екенін мәлімдеген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, жалғыз оқушысы бар мекемеде одан бөлек 15 маман қызмет етуде. Бірнеше жыл санаулы балаға сабақ беріп келген мектепті биыл жабамыз депті. Бірақ тұрғындар мектеп жабылса, ауыл құриды деп қорқып отыр.
"Күйеуімнің жалғыз жалақысымен кәмелетке толмаған төрт баламен қалада тұра алмаймын. Сол үшін осы жерде тұрып жатырмын. Мен ауылым деп шырылдап отырмын. Сол үшін мектепті жаппауын талап етемін. Бала жоқ, бала жоқ дейді. Бер жағында өсіп келе жатқан 10 шақты бала бар. Мектеп жоғалып кетсе, біздің ауыл құриды", - дейді ауыл тұрғыны Айсара Әбезбаева.
Телеарна дергінше, бүтін бір ауылды асырап отырған мектепті жаппауды сұраған кенбайлықтар, жергілікті билік елдімекенге көңіл бөлуі керек дейді. Өсіп келе жатқан өзге балаларды қалаға жібере алмаймыз деп отыр. Сондай-ақ шенеуніктер бұл мектептің жөндеу жұмысына осыдан үш жыл бұрын 30 миллион теңге жұмсаған. Оған қоса ауылға газ құбырын жүргізуге 2 млрд теңге тағы бөлінген.
Телеарна ақпаратынша білім басқармасы бір бала үшін бір мекеме ұстап отыру тиімсіз дейді.
"Қаржы жағынан алып қарағанда, бір балаға бірнеше қызметкер ұстап, бір мектепті ұстап тұру қиын. Халықтың ұсыныс пікірін ескеріп әрі қарай мәселені дұрыс шешуге талап қойғалы отырмыз", - дейді Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Дереккөз: КТК арнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2033701-atyrau-oblysyndagy-mektepte-1-oqusy-oqidy-auyl-turgyndary-bilim-osagyn-zappaudy-suraidy/