Шығыс Қазақстан облысында аудан әкімі өз еркімен қызметінен кетуге өтініш жазды
Жарияланған күні:
Алтай ауданының әкімі өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиевтің өңірге сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды YK-news.kz басылымы.
Басылым ақпаратынша, Ернар Мұстафин Алтай ауданының басшысы болып өткен жылдың қыркүйек айында тағайындалған болатын. Қызметтен кету оның жеке шешімі болған.
"Қызметтен босату туралы өтінішке байланысты облыс әкімі тиісті өкімге қол қойды. Әрине, біз осындай тәжірибелі азаматтардың мемлекеттік қызметтен кетпегенін қалар едік. Аз уақытта жұмыс істесе де, белгілі бір нәтижелер көрсетті. Жаңа жобалар жүзеге асырылып, Алтай ауданы табысты дамып келеді", - деп атап өтті ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев.
Басылым мәліметінше, облыс басшысының өкімімен Ренат Құрмамбаев Алтай ауданына әкім болып тағайындалды. Ол бұл тағайындауға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035806-sygys-qazaqstan-oblysynda-audan-akimi-qyzmetinen-bosatu-turaly-otinis-zazdy/