Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Баспалдақтағы кептеліс: желіде еліміздегі тағы бір мектептегі балалар кептелісінен кадр тарады

Жарияланған күні:

Читать на русском
Мектеп баспалдағындағы балалар кептелісі
Мектептегі балалар кептелісі. Фото: t.me/astanovka98

Еліміздегі тағы бір мектепте оқушы санының көптігінен балалардың емін-еркін өте алмай, баспалдақта кептеліп тұрған фотосы тарады. Бұл жағдай Астанадағы мектептердің бірінде болған. Мән-жайды елорда әкімінің орынбасары түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқушылардың баспалдақта кептеліп тұрғаны бейнеленген кадр Telegram-дағы Astanovka98 арнасында пайда болды. Фотодан балалар баспалдақ арқылы не жоғары, не төмен түсе алмай жатқанын көруге болады.

"Бәріңізге, әсіресе Астанадағы №59 мектептің оқушыларына қайырлы таң. Мектептегі үзіліс кезі", - деп жазды автор жазба сипаттамасында.

Бұл жағдайға байланысты Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен пікір білдірді.

"Бұл ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, балалар саны да тез өсуде. Мектеп үш ауысымда жұмыс істеді. Бір жылдың ішінде 1200 орындық мектеп салынып, №59 мектеп үш ауысымнан екі ауысымға көшті. Жарияланған кадрда жаңа ғимарат. 4 қыркүйек, толыққанды алғашқы оқу күні мектепке барлық оқушы келген кез (осындай жағдай болған – ред. ескертпе).

Сол күні күн соңына дейін шешім қабылдап, мектеп директоры 1-7 сыныптарға сыныптық оқыту жүйесін, яғни, бір сынып – бір кабинет жүйесін енгізді. Ал 8-сыныптан бастап олар әр түрлі кабинетте оқитын болады. Бұл ұйымдастырушылық-логистикалық мәселе болған, барлығы да толық шешілді", – дейді ол.

Әкім орынбасарының сөзінше, бүгінде №71 және №59 мектепте астаналықтар көтерген мәселелер шешімін тапқан.

"Бірақ №59 мектеп орналасқан ауданда жаңа тұрғын үйлер салынып жатқанын көріп отырмыз. Келесі оқу жылында бұл ауданда балалар саны артады деген болжам бар және осыған байланысты 2400 орындық жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды", – дейді Есет Байкен.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде Көкшетаудағы мектептердің бірінде оқушылардың дәлізде қысылып қалған видеосы тараған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035860-baspaldaqtagy-keptelis-zelide-astanadagy-mektepterdin-birindegi-zagdaiyn-fotosy-paida-boldy/