Астанада кәсіпкер ұлы сотталған ана шындықты талап етіп, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысының шаруаларына күн панельдерін жеткізген Медет Ахметов алты жылға сотталған. Алайда бұл үкіммен оның туыстары келіспей отыр, деп жазады 365qaz.kz.
Анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғалия Тоқбердиеваның айтуынша, баласы ақмолалық шаруаларға құдық қазып берген, күн сәулесі панельдерін орнатқан.
"Тергеушілер менің ұлымның соңына шам алып түсті. Сосын шаруа қожалықтарына қысым көрсетіп, жалған ақпарат тартып, сол үшін соттап отыр. Медет мемлекетке ешқандай зардап келтірген жоқ. Бірақ сот 98 миллион теңгені қолды қылды деген шешім шығарды. Тағылған айып бойынша ұлымның әперген күн панелін шаруа қожалықтар пайдаланбай отыр дейді. Бірақ шын мәнінде олай емес. 150 шаруа қожалығына барлығымен жолықтым. Қай-қайсысы болсын қызығын көріп отыр", - дейді Ғалия Тоқбердиева.
Ол шаруа қожалықтарына қысым жасаған деп санайды. Тергеу жүріп жатыр, панельдерді пайдаланбай қоя тұрындар деген соң, кейбіреуі күте тұрған. Алайда сот аяқталса да, олар шаруа қожалықтарына қайта бармаған дейді.
"Іс бір жақты жүргізілді. Шаруа қожалықтарының қолхаты мүлдем қарастырылмады. Енді күн панельдерін алып кететін болсақ, олар көтерілеміз деп отыр. Шаруалар қысым жасалғанын сотта да, журналистерге де айтты. Бірақ сот мүлдем мән бермеді. Мемлекет күн панельдеріне 2,5 миллион теңге деген шектік баға қойды. Медет ол сомадан аспады. Ешқандай сараптама жасамай, соттап жіберді", - дейді анасы.
Сотталушы Медет Ахметовтің басында адвокаты басқа болған. Ал қазір белгілі заңгер Бауыржан Азанов өз қорғауына алған. Оның айтуынша, шаруа қожалықтары өздерін ешқандай жәбірленуші ретінде танып отырған жоқ. Мемлекетке де зардап келмеген. Артық баға қоймаған деп санайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035962-astanada-kasipker-uly-sottalgan-ana-syndyqty-talap-etip-dabyl-qaqty/