Түркістан облысында екі мың жылдан асатын тас ғибадатхананың қазба жұмыстары қайта жанданды
Жарияланған күні:
Читать на русскомТүркістан облысында екі мың жылдан асатын тастан жасалған ғибадатхананың қазба жұмыстары қайта жанданды. Мамандардың сөзінше, Ғибадатхана қаңлы дәуіріне жатады. Оған қоса археологтар дін қызметкерінің аң үлгісінде жасалған сақинасын тапқан, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасында.
Телеарнаның хабарлауынша, Түркістан облысындағы Қызылкөл көлінің маңында орналасқан ежелгі ғибадатхананың қазба жұмыстары былтыр басталған.
Қазба жұмыстары кезінде ғибадатханада тастан өрілген ерекше сәулет өнері табылған. Археологтардың айтуынша, мұндай құбылыс елдің оңтүстік өңірінде сирек кездеседі.
Археологтадың пайымдауынша, үлкен пішінді тастар ғибадатханаға жылқыға тиеліп алыстан әкелінген. Оған қоса былтыр ғибадатхананың тек үстіңгі жағы қазылған болатын, бүгінде мамандар қазба жұмыстарын жалғастырып, ғибадатхананың қалған бөлігін де қазып алуды көздеуде.
Ғалымдардың сөзінше, мұндай құбылыс елдің археология ғылымында алғаш рет кездесіп отыр. Қазба жұмыстары барысында мамандар тереңдеген сайын ғибадатханадан жерлеу орындары мен асық, айна және т.б. қоладан жасалған бұйымдарды тапқан.
"Тапқан жәдігерлеріміз, жүргізіп жатқан зерттеуіміз Қаңлы мемлекетіндегі ежелгі діни наным-сенімдері туралы білуге бағытталған. Шамамен 2 мың жыл бұрын зороастризм дініне табынғанын байқауға болады", – деді профессор, Александр Подушкин.
"Қызылкөл 1" қорымынан табылған заттардың арасында қыштан жасалған бұйымдар, тұрмыстық заттар мен кішкентай пішіндегі ыдыстар бар.
Сондай-ақ археологтар аң үлгісінде жасалған сақинаны тауып алған. Олардың пайымдауынша, сақина 2 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген дін өкіліне тиесілі болған.
"Бұл – түрлі рәсімдерді жүргізуге арналған бұйым. Бұдан шыққан дыбыстан қазақ даласына өткен кезеңнің үні естілгендей әсер аласың... Археологиялық қазба жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады. Себебі ғылыми құндылығынан бөлек, әлеумет үшін де маңызы зор.
Бастысы, қазақтардың ата-бабасының тағы бір тарихи кезеңі ашылды. Ал табылған құнды жәдігерлер кейін музей қорына тапсырылатын болады", – деді ғылыми қызметкер Игорь Андреенко.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035991-turkistan-oblysynda-eki-myn-zyldan-asatyn-tas-gibadatxananyn-qazba-zumystary-qaita-zandandy/