Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынды: індетті 19 адам жұқтырған (видео)
Жарияланған күні:
Қарағанды облысының үш ауданында бруцеллез ауруы тіркелген – ауру анықталған аудандарда ветеринариялық шектеу енгізілді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, Қарағанды облысында бруцеллез ауруы асқынуынан Қусақ, Мәди, Мыңбаев ауылында ветеринарлық шектеулер енгізілген, оған қоса ауылдарда ет пен сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынған.
Телеарнаның мәліметінше, ауырған 200-ден аса ірі қара мал ет комбинаттарына жіберілген. Әр бастың нарықтық құны өтеліп жатыр. Ауру анықталған малдардан әр екі апта сайын сынама алынуда.
Сондай-ақ медицина қызметкерлері жұқпалы ауру малдан адамға берілетіні туралы дабыл қағуда.
Медицина қызметкерлерінің сөзінше, жыл басынан бері аталған мал ауруын 19 адам жұқтырған. Науқастардың қызуы көтеріліп, ұйқысы қашады және белі ауырады.
Медицина қызметкерлері ірі қара мал өнімдерін тек ветеринариялық бақылау жүргізілетін базарлар мен дүкендерден алу керектігін айтты. Мамандардың сөзінше, қауіпсіздікті сақтау мақсатында ет пен сүтті ұзақ уақыт қайнатқан дұрыс.
"Эпидемиологиялық тексеріс барысында адамдардың 61 пайызы бруцеллезді сүт пен сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз тағамға пайдалану және оны жеке тұлғалардан сатып алу салдарынан жұқтырғаны анықталды.
38 пайыз жағдайда ауыл шарушалығымен айналысатын мал иелері малды баққан кезде санитариялық нормалар мен ережелерді бұзып, малды уақтылы зертханада тексермегені анықталды", – деді Қарағанды облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шәтекова.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036200-qaragandy-oblysynda-brucellez-auruy-asqyndy-indetti-19-adam-zuqtyrgan-video/