"Тезек теріп жүрміз": Жамбыл облысындағы 4 ауылдың халқы көгілдір отынға жете алмай отыр
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының тұрғындары 30 жыл бойы газға жете алмай келеді. Салдарынан Қарабастау ауылдық округіне қарасты 4 ауылдың халқы жылыну үшін жапан түзден тезек тереді. Тұрғындар биылғы қысты тағы да көгілдір отынсыз қарсы алатындықтан газ кіргізуді талап етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Пеш жағудан әбден әбігер болған Қарабастау ауылдық округінде 2 мың адам тұрады. Айтуларынша, көмір бағасы тұрғындардың қалтасына салмақ салып келеді. Бірақ соған қарамастан көмірдің кезегіне тұруға асығады. Қара отынға тапсырыс берушілер көбейгендіктен Тараздан тым кеш жетеді. Сондықтан күздің соңғы айлары мен қыстың басында малдың кеппесін жағып, жан бағады. Олар 30 жыл бойы күткен газ биыл кіреді деп күткен. Алайда аудан шенділері үміт отын өшірді деп налиды.
"Газ кіргіземіз дегенде, жиырма бестегі келіншек едім. Сол газды күтіп-күтіп 65-ке келген кемпір болдым деймін. Әлі жоқ мынау газ деген дүние. Жапан түзден тезек теріп жүрміз", - дейді Қарабастау ауылының тұрғыны Шәмшия Дүйсенбаева.
Тұрғындар 30 жыл бойы күткен газ биыл кіреді деп күткен. Алайда аудан шенділері үміт отын өшірді деп налиды.
"Барлық жерге газ береді де, неге сол газ бізге жетпейді осы?! Біздің не кінәміз бар сонда? Біз анау соқыр ішек сияқтымыз, шетте қалып кеткен, ешкімге керегі жоқ", - деді Қарабастау ауылының тұрғыны Дәдеш Байжұманов.
Жуалы ауданы әкімдігі "бұл - облыстық деңгейдегі мәселе" деп отыр. Ал аймақтық энергетика басқармасы сметалық құжаттарын сараптамаға жібергендерін айтады. Келесі айда қортындысының жауабы шығу керек деп отыр. Соған сәйкес бюджеттік өтінім берілмек. Ал қаралатын қаржыны министрлік қолдаса келісі жылдың жаз айларында көгілдір отын кіруі мүмкін.
"Бұл 4 елдімекеннің газ мәселесін шешу республикалық бюджеттен қаржы бөлінгеніне байланысты. Әзірге құрылыстың болжамды құны 1 млрд теңгеден астам болып тұр. Бір жылдың ішінде бөлініп, қолдау тапса, аталған жұмысты 2024-ші жылдың соңына дейін аяқтаймыз", - деді Жамбыл облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Мәулен Қожақов.
Айта кетейік, бүгінде Жамбыл облысындағы 373 елдімекеннің 90 пайызында ғана газ бар. Аймақ әкімдігі 2025 жылы барлық елді мекенді 100 пайыз табиғи газбен қамтамасыз етеміз деп отыр. Ал талап бойынша газ кіретін ауылдардың халық саны 200-ден асуы керек.
Авторы: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2036497-tezek-terip-zurmiz-zambyl-oblysyndagy-4-auyldyn-xalqy-kogildir-otynga-zete-almai-otyr/